Алматы қалалық сотына «Меркур Тауэрс» тұрғын үй кешені күзетшісінің өліміне қатысты үкімге апелляциялық шағымдар түсті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Не болды?
2024 жылдың наурызында 45 жастағы алматылық тұрғын «Меркур Тауэрс» кешенінің күзетшісін жол талғамайтын көлікпен бірнеше рет қағып өткен, кейін оның басынан секірген. Оқиға бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Күзетші ауыр халде ауруханаға жеткізіліп, сол жерде көз жұмды.
Қанды оқиғаға күзетшінің ашулы ер адамды тұрғын үй ауласынан ата-анасының өтініші бойынша шығармай қоюы себеп болған. Көршілердің айтуынша, күзетшіні қатыгездікпен өлтірген азамат бірнеше жылдан бері осы кешенде ата-анасымен бірге тұрған. Ол есірткіге тәуелді болған және көршілерді үнемі үрейде ұстаған көрінеді.
БАҚ-тың хабарлауынша, күдіктінің әкесі - бұрынғы депутат. Бұған дейін ол Талдықорған қаласының прокурорының аға көмекшісі қызметін атқарған болуы мүмкін.
Үкім
2025 жылғы 9 сәуірде сот айыпталушыны ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы («Айрықша қатыгездікпен жасалған адам өлтіру») және 147-бабы 5-бөлігі («Жеке өмірге қол сұғылмаушылықты және жеке деректер туралы заңнаманы бұзу») бойынша қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 22 жылға бас бостандығынан айырды.
Сот айыпталушыдан жәбірленушілердің пайдасына 24 миллион теңге және өкілдік қызметтер үшін 1 миллион 150 мың теңге өндіріп берді.
Апелляциялық шағымдар
Апелляциялық шағымды жәбірленуші тарап - марқұмның жұбайы Әсем Молдахұнова түсірді. Жәбірленушінің адвокаты Арман Шәріпов Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында айыпталушыға тағайындалған жаза тым жеңіл деп есептейтіндерін айтты.
"Біз, жәбірленуші тарап, бірінші сатыдағы соттың шешімімен келіспейміз және бұл жазаны тым жеңіл деп санаймыз. Айыпталушыға қолданылған бап өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын көздейді. Сондықтан біз бұл жазаны өзгертіп, ең жоғарғы жазамен бас бостандығынан айыруды сұраймыз. Сонымен қатар, моральдық зиян бойынша шешіммен де келіспейміз, өйткені біздің талабымыз ішінара ғана қанағаттандырылды. Біз өз талап-арызымыздың толық көлемде қанағаттандырылуын сұраймыз", – деді Шәріпов.
Оның айтуынша, жәбірленуші тарап 100 миллион теңге көлемінде өтемақы талап еткен, алайда сот тек 20 миллион теңгені ғана мақұлдаған.
Шәріповтің айтуынша, айыпталушы тарап та апелляциялық шағым берген — олардың қорғаушысы жаза тым қатал деп санап, оны жеңілдетуді сұрайды.
Апелляциялық шағымдарды қарау 29 шілдеде өтуі тиіс еді. Алайда айыпталушыны процесте қашықтан қосу мүмкін болмағандықтан, сот кейінге шегерілді.