Депутат Тұрлыхановтың ұлы түрмеден босатуды сұрап отыр

Қаракөз Амантай 13 мау. 2025 15:57

ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабымен сотталған депутат Дархан Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болат қайтадан бостандыққа шығып, жазаны айыппұлмен өтеуге тырысуда, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жұрттың назарына іліккен атышулы оқиға 2023 жылы басталған еді. Сол жылы Нұрасыл Болат адвокаттар Олег және Анна Черновтарды соққыға жыққаны үшін сотталған. Жоғарғы сот істі қарағаннан кейін жазаны өзгеріссіз қалдырып, оған бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Бірақ жазаны бірнеше рет бұзғаны үшін, оның жазасы қатаңдатылып, нақты түрме жазасына ауыстырылған болатын.

Жуырда Тұрлыхановтың ұлы жазасының қалған бөлігін айыппұлмен алмастыру туралы өтініш бергені белгілі болды. Алайда бұл өтінішке жәбірленушілер ғана емес, колония басшылығы да қарсы шықты.

"Колония басшысы да айыппұлға ауыстыруға қарсы. Мен де бұл шешімге қарсымын. Демалысқа, теңізге баратын уақыт әлі ерте деп ойлаймын. Өзіңнің емес, өзгенің тапқан ақшасымен мәселені шешу – жаза өтеу емес, бұл – жазадан құтылу. Бас бостандығын шектеу секілді жақсы балама жаза да болды, бірақ оның қандай болғанын бәріміз көрдік", – деп жазды Instagram парақшасында Анна Чернова.

Бұл мәселе бойынша сот отырысы 2025 жылдың 19 маусымында өтеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар