Депутат Құспан: Қазақстан футболындағы келісілген матчтарды тергеу қажет

Көркем Алдабергенова 03 қыр. 2025 17:21

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Қазақстан футболындағы келісілген матчтарға тексеріс жүргізуді және тергеуді талап етті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутаттың айтуынша, халықаралық Sportradar компаниясының деректеріне сәйкес, 2022 жылы Қазақстан келісілген матчтардың саны бойынша әлемде төртінші орынға шыққан. Бұл жағдай қоғамда, спорт саласының кәсіби өкілдері мен заң шығарушы билік арасында үлкен алаңдаушылық туғызып отыр.

"Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров мәселенің бар екенін ашық мойындағанымен, оны жүйелі шешуге нақты шаралар қабылданған жоқ. Қоғамдық ұйымдар мен БАҚ көптеген матчтардың букмекерлік платформалардан алынып тасталғанын тіркеп отыр, алайда мұндай деректер тергеусіз қалып келеді", – деді Құспан.

Депутат әлемдік тәжірибеде келісілген матчтарға қатысы бар адамдардың қатаң жазаланатынын атап өтті:

Германияда төреші Роберт Хойзер келісілген матчтарға қатысқаны үшін екі жылға сотталды;

Оңтүстік Кореяда 57 ойыншы айыпталып, олардың басым бөлігі жазасын алды;

Италияда «Катания» клубының президенті Антонио Пульвиренти және ондаған адам сотқа тартылып, клуб еурокубоктардан шеттетілді;

Қытайда футбол федерациясының жоғары лауазымды басшылары мен халықаралық төрешілер 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге сотталды;

Вьетнамда ұлттық құраманың ойыншылары 3-4 жылға бас бостандығынан айырылды.

"Мұндай мысалдар халықаралық практикада өте көп. Бұл орынды, өйткені мәселе тек мемлекет пен жанкүйерді алдау емес, матчтарға ақша тігетін мыңдаған азаматқа жасалған қаржылық алаяқтық түрінде көрініс табады", – деді ол.

Құспанның айтуынша, мәселе тек футбол саласымен шектелмейді. Қазіргі таңда құқық қорғау органдарының назары негізінен мемлекеттік органдардағы құқықбұзушылықтарға бағытталғанымен, квазимемлекеттік секторда, коммерциялық және үкіметтік емес құрылымдарда да миллиондаған, тіпті миллиардтаған теңгені құрайтын қаржылық алаяқтық жүйелі түрде жасалып келеді.

"Бұл саладағы бақылаудың әлсіздігі азаматтардың сенімін ғана емес, ел экономикасының тұрақтылығын да шайқалтады", – деп түйіндеді депутат.

Мәжілісмен Бас прокуратураға келісілген матч фактілеріне жан-жақты тергеу жүргізіп, оған басқа да құқық қорғау органдарын тартуды ұсынды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар