Депутат Еділ Жаңбыршин еліміздегі мұнай қоры қашан түгесілуі мүмкін екенін айтты

Кәмшат Тілеухан 25 қар. 2024 12:23 104

Депутат Еділ Жаңбыршин алдағы 15 жылда Қазақстандағы көмірсутек ресурстарының қоры таусылуы мүмкін екенін айтады. Бұл туралы ол бүгін, 25 қарашада Мәжілісте өткен Үкімет сағатында мәселе көтерді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Еділ Жаңбыршин бүгінгі таңда мемлекеттің есебінде көмірсутек шикізатының 548 кен орны бар екенін, мұнай қорының жалпы көлемі 4,3 млрд тоннаны құрайтынын еске салды.

"Көмірсутек шикізаты қорының 72% - ы Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ сияқты ірі кен орындарына тиесілі. 10-15 жылдан кейін осы үш ірі кәсіпорында мұнай мен газ өндіру көлемі төмендейтіні анық. Сонымен қатар, игерудің кеш кезеңіндегі кен орындарының кейбірінде мұнай мен газ өндірісі төмендейді, кейбірінде жұмыс тіпті тоқтайды... Егер геологиялық барлаудың қазіргі баяу қарқыны және мұнай өндірісінің бүгінгі деңгейі сақталса, онда алдағы 15 жылда көмірсутек ресурстарының қоры түгесіледі", - деді депутат.

Ол Қазақстанда жаңа сутектер қорын ашу үшін біздегі геологиялық барлау саласының әлеуеті жеткілікті екенін айтады. Алайда бұл бағыттағы жұмыстар сылбыр жүрде. Мәселен, депутаттың айтуынша, тәуелсіздік алғалы 30 жыл ішінде елімізде бір ғана жаңа кен орыны ашылған.

Бұған дейін осы Үкімет сағатында баяндама жасаған Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев биылғы мұнай өндірісі көлемінің күрт қысқаруына не себеп болғанын түсіндірген еді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар