Дағыстан басшысы Сергей Меликов 24, 25 және 26 маусым күндері елде қаралы күн деп жарияланғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz
Бұл туралы аймақ басшысының баспасөз қызметінің Telegram-арнасы хабарлады.
"24, 25 және 26 маусым Дағыстанда қаралы күн деп жарияланды. Тиісті жарлыққа жаңа ғана Сергей Меликов қол қойды.Аза тұту күндері республиканың барлық аумағында мемлекеттік тулар жартылай ілінеді", - делінген хабарламада.
Еске салайық, 23 маусымда Дағыстанда белгісіз біреулер синагога мен шіркеуге шабуыл жасады.
Бүгін таңертең Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Дағыстандағы православие шіркеуі мен синагогаға лаңкестік әрекеттер жасалып, соның салдарынан дін және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қаза болуына байланысты Ресей Президенті Владимир Путинге көңіл айтты. Қазақстан Президенті құқық қорғау жүйесі арқылы жедел-іздестіру шараларын жүргізуде көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Мемлекет басшысы адамзатқа қарсы жасалған мұндай әрекетті үзілді-кесілді айыптайды, сондай-ақ, БҰҰ, ШЫҰ және басқа да беделді халықаралық ұйымдар аясында лаңкестікпен күресу үшін көпжақты ынтымақтастықты дамытуды қолдайды.
Бастапқыда Дағыстанның құқық қорғау органдары бір қызметкердің қайтыс болғанын растады. Тағы алтауы жарақат алды. Бұл туралы ресейлік БАҚ хабарлады.
Кейіннен қаза тапқандар саны 9 адамға жетті. Оның жетеуі құқық қорғау органдарының қызметкерлері. Тағы 25 адам жарақат алған. Дағыстан ІІМ мәліметінше, Махачкалада шабуыл жасаған 4 адам мерт болған.
Сонымен қатар, Сергокалада белгісіз біреулер полицейлердің көлігін атып тастаған. Салдарынан бір қызметкер жарақат алған.