Бигелді Ғабдуллин қамауға алынды

Dalanews 15 қар. 2016 06:35 873

Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық бюро Central Asia Monitor және Radiotochka.kz басылымдарының Бас редакторы Бигелді Ғабдуллинге қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады. Бұл туралы Ұлттық бюро баспасөз қызметі хабарлайды.

Қазір Бигелді Ғабдуллин ұсталып, Астана қаласы ІІД-нің уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қылмыстық қудалау органы Ғабдуллинді өзіне бағынышты ақпарат құралдарында «мемлекеттік орган басшыларына қатысты олардың іскерлік беделін түсіретін жағымсыз материалдарды жариялау арқылы ақпараттық шабуылдарды үдетіп, сынды доғару үшін лауазымды тұлғалардан өз медиаресурстарына мемлекеттік тапсырыс алып келген» деген мәлімет таратты.

Ведомство сондай-ақ, кейбір шенеуніктердің Ғабдуллиннің мүддесін жүзеге асыруға, мемлекеттік тапсырыс туралы келісімдерге қол қоюға ықпал еткенін мәлімдеді. «Содан кейін (мемлекеттік тапсырыс туралы келісімнен кейін – ред.) ғана олардың қызметі туралы жағымды материалдар жарияланған. Мәселен, Жамбыл облыстық әкімдігінен ол 10 миллион теңге көлеміндегі бюджет қаржысын бопсалаған. Осындай жолмен Ғабдуллинге тағы жеті мемлекеттік орган ақша аударған», - делінген хабарламада.

Бұған дейін салық төлеуден жалтарды, алаяқтық жасады деген айыппен Қазақстан Журналистер Одағының төрағасы Сейітқазы Матаев пен оның ұлы, «ҚазТАГ» ХАА басшысы Әсет Матаев қуғындалып, С. Матаев алты, Ә. Матаев бес жылға бас бостандығынан айрылған болатын.

Бигелді Ғабдуллин өте ықпалы журналистердің бірі болды. Ол тәуелсіз басылымдардың қалыптасуы мен дамуына негіз қалағандардың бірі. 

2001 жылы Қазақстаннан қашып, АҚШ-тан саяси баспана сұраған болатын. Кейін 3 жылдан соң Қазақстан Президенті Назарбаевтың көмегімен елге оралғанын мәлімдеген еді. 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар