Кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың иелігінен кеткен Астанадағы қонақүй сатуға шығарылды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
negeaqsha мәліметінше, Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы Comfort Hotel-ді 3,9 миллиард теңгеге сатып алу құқығымен бес жылға сенімгерлік басқаруға беруді жоспарлап отыр.
Сатылым 27 наурызда жүзеге асырылады және қонақүй жалғыз адамға берілуі мүмкін. Жаңа басшы бизнестің мақсатын сақтауға міндетті.
"Қаржылық есеп бойынша былтыр қонақүйдің таза табысы 65,6 миллион теңге болған", - деп жазылған мәліметте.
Айта кетейік, бұған дейін тергеумен ерікті ынтымақтастық аясында ҚМА Қайрат Боранбаевтың мүлкін мемлекетке қайтару шараларын қабылдады.
Қайрат Боранбаевтың компаниялары Мемлекеттік мүлік комитетіне жалпы құны 1,4 миллиард теңгеден асатын Comfort Hotel Astana қонақүй кешенін мемлекет меншігіне өз еркімен беру үшін тиісті өтінімдер берді.
"Аумағы 5 мың шаршы метрден асатын бұл қонақүй кешенінің жылдық айналымы 900 миллион теңгеге жуық", - деп жазылған еді ҚМА мәліметінде.
Алғашында қолданыстағы заңнамаға сәйкес бұл нысанды демалыс, сауықтыру және білім беру орталықтарын ұйымдастыру, әлеуметтік мақсатта пайдалану жоспарланған еді.