Кәсіпкер Қайрат Боранбаев қайтарып берген Comfort Hotel Astana қонақүйінің жаңа иесі пайда болды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
25 сәуірде Comfort Hotel Astana қонақүй кешенін сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға беру жөніндегі тендер өткен. Бұған дейін қонақүй Қайрат Боранбаевқа тиесілі болған. Ол қонақүйді тергеумен ынтымақтастық негізінде мемлекетке қайтарған.
Тендер жүргізіліп жатқан кезде оның статусы «Тендерлік (конкурстық) комиссияның/сатушының өтінімдерді қарауы» деп белгіленген. Ал жақында статус «Өткізілді» деп өзгертілген.
Электрондық сауда алаңының деректері бойынша, сауда-саттық жеңімпазы басқармаға 3,92 млрд теңгеге қонақүй алды.
Тендердің шарттары бойынша ғимараттың жаңа иесі нысанды тек қонақүй бизнесін жүргізу үшін пайдалана алады. Сондай-ақ оның Қазақстанда қонақүйлерді басқаруда кемінде жеті жыл тәжірибесі болуы тиіс. Тендер жеңімпазы барлық талап сақталған жағдайда, шартты жасасқан күннен бастап бір жылдан ерте емес қонақүйді мерзімінен бұрын сатып ала алады.
15 сәуірде кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың иелігінен кеткен Астанадағы қымбат қонақүй қайта сатуға шығарылған болатын.
Астананың Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы Қайрат Боранбаев тергеумен ынтымақтастық аясында мемлекетке тапсырған Comfort Hotel Astana қонақүй кешенін қайта сатуға шығарды. 27 наурызға белгіленген алғашқы сауда-саттық қатысушылардан өтінім болмауына байланысты өтпеген.
"Сатып алу құқығымен нысанды сенімгерлік басқаруға беру бойынша тендер 25 сәуірге белгіленді. Бастапқы құны өзгеріссіз қалып отыр: 3 919 431 715 теңге. Кепілдік жарна 587,9 миллион теңге болады.
Тендердің шарттары бойынша жаңа иесі нысанды тек қонақүй бизнесін жүргізу үшін пайдалана алады. Сатып алушының мерзімі өткен кредиторлық берешегі болмауы керек. Сондай-ақ, оның Қазақстанда қонақүйлерді басқаруда кемінде жеті жыл тәжірибесі болуға тиіс", - деп жазылған informburo.kz мәліметінде.
Бұған дейін де Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы Comfort Hotel-ді 3,9 миллиард теңгеге сатып алу құқығымен бес жылға сенімгерлік басқаруға беруді жоспарлап отырғаны туралы ақпарат тарады.
Сол кезде сатылым 27 наурызда жүзеге асырылады және қонақүй жалғыз адамға берілуі мүмкін екені айтылды. Жаңа басшы бизнестің мақсатын сақтауға міндетті.
"Қаржылық есеп бойынша былтыр қонақүйдің таза табысы 65,6 миллион теңге болған", - деп жазылған еді мәліметте.