Бішкекте Мемлекеттік күзет қызметінің 23 жастағы қызметкері көз жұмды

Бішкекте Мемлекеттік күзет қызметінің 23 жастағы қызметкері көз жұмды
Аурухана. Көрнекі фото: Pramote Polyamate/Getty Images

Бішкекте қызметтік сапқа тұру кезінде есінен танып, кейін ауруханада қайтыс болған Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкері бұған дейін Ыстықкөл облысында соққыға жығылған болуы мүмкін. Оқиғаға қатысы бар деген күдікпен бес адам ұсталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Өңірлік ішкі істер басқармасының мәліметінше, 29 маусымда Мирсаид Миррахимов атындағы Ұлттық кардиология және терапия орталығының жансақтау бөлімінде 23 жастағы Ж.Т. қайтыс болған. Ол Мемлекеттік күзет қызметінде күзетші болып жұмыс істеген.

Алдын ала дерек бойынша, сол күні таңертең қызметтік сапқа тұрған кезде жас жігіт кенеттен есінен танып, құлап қалған. Дәрігерлер медициналық көмек көрсеткенімен, оның өмірін сақтап қала алмады.

Марқұмның денесін сырттай тексеру барысында ауыр жарақат белгілері анықталмаған. Алайда кеуде тұсында көгерген және сырылған іздер байқалған. Өлімнің нақты себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды.

Ағасы полицияға арызданған

22 шілдеде марқұмның ағасы Ақ-Су аудандық милициясына арыз түсірген. Оның айтуынша, 11-інен 12 маусымға қараған түні Ж.Т.-ны белгісіз адамдар соққыға жыққан.

Оқиға жас жігіт Ақ-Су ауданындағы ауылдардың біріне сүйіктісіне барған кезде болған. Туыстарының сөзінше, ол соққыға жығылғаны туралы ешкімге айтпай, кейін Бішкекке жұмысқа кеткен. Арада шамамен екі апта өткен соң көз жұмған.

Бес күдікті ұсталды

Тексеру барысында полиция төбелеске қатысы болуы мүмкін бес адамның жеке басын анықтады. Олар Ақ-Су ауданының тұрғындары болып шыққан.

Оқиғаға байланысты Қырғызстан Қылмыстық кодексінің «Бұзақылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлық күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.

23 шілдеде Ақ-Су аудандық соты 2010 жылы туған екі күдіктіні үйқамаққа жіберді. Қалған үш адамға қатысты бұлтартпау шарасын таңдау мәселесі қаралып жатыр.

Тергеу жалғасуда. Құқық қорғау органдары қызметкердің өлімі мен бұған дейінгі төбелестің арасында байланыс бар-жоғын анықтап жатыр.