Бибісара Асаубаева Норвегиядағы беделді турнирдің мерзімінен бұрын чемпионы атанды

Бибісара Асаубаева Норвегиядағы беделді турнирдің мерзімінен бұрын чемпионы атанды
fide.com

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Норвегияда өтіп жатқан беделді Norway Chess турнирінде мерзімінен бұрын чемпион атанды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Турнирдің соңғы алдындағы тоғызыншы турында қазақстандық спортшы былтырғы чемпион, украиналық Анна Музычукпен кездесті. Бұл ойында Асаубаева ақ тастармен ойнады.

Тартысты партия тең нәтижемен аяқталды. Алайда бұл нәтиже қазақстандық шахматшыға жалпы есепте бірінші орынды мерзімінен бұрын қамтамасыз етуге жеткілікті болды. Қазір оның еншісінде 16,5 ұпай бар және ол қарсыластары үшін қолжетімсіз көрсеткішке жетті. Ал екінші орында келе жатқан Анна Музычук 12 ұпай жинаған.

Осылайша, Бибісара Асаубаева тарихта алғаш рет Norway Chess турнирінің чемпионы атанды.

Айта кетейік, бұған дейін 2026 жылы қазақстандық шахматшы әлем чемпиондығына үміткерлер турнирінде екінші орын алған еді.