Жастар саясатының басты міндеттерінің бірі – өскелең ұрпақты еңбекке баулу, азаматтық жауапкершілігін арттыру және қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасау. Осы бағытта елімізде жүзеге асырылып келе жатқан тиімді жобалардың бірі – «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары, деп хабарлайды dalanews.kz.
Алматы облысы жастар саясаты басқармасының бөлім басшысы Айым Абайқызының айтуынша, биыл «Жасыл ел» бағдарламасының бастау алғанына 21 жыл толып отыр.
– Осыдан тура 21 жыл бұрын еліміз бойынша «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының негізі қаланды. Бағдарламаның негізгі мақсаты – жазғы демалыс кезінде оқушылар мен студенттерді маусымдық жұмыспен қамту, оларды қоршаған ортаны қорғау, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына тарту арқылы еңбекке баулу, – дейді ол.
Осы уақыт ішінде жоба мыңдаған жастың басын біріктірген ауқымды қозғалысқа айналды. Бағдарламаға қатысқан жастар туған өлкесінің көркеюіне үлес қосып қана қоймай, патриоттық рухын шыңдап, алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтады.
– Өткен 20 жыл ішінде шағын бастама үлкен қоғамдық қозғалысқа айналып, өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Жастар мыңдаған көшет отырғызып, табиғатты қалпына келтіруге атсалысты. Сонымен қатар алғашқы еңбекақысын алып, жаңа достар тауып, үлкен өмірге қадам басты, – дейді маман.
Бүгінде бағдарламаға 14 жастан бастап 35 жасқа дейінгі азаматтар қатыса алады. Жоба жастарды еңбекке баулумен қатар, олардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді.
– «Жасыл ел» бағдарламасына 14 жасқа толған жасөспірімдер ата-анасының рұқсатымен қатыса алады. Жоба аясында жастар арнайы жұмыс киімдерімен қамтамасыз етіліп, еңбекақы алады. Биыл еліміз бойынша 34 мыңнан астам жасты еңбек жасақтарына тарту жоспарланып отыр, – дейді Айым Абайқызы.
Алматы облысында да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Соңғы үш жылда жыл сайын мыңға жуық жас «Жасыл ел» қатарына қабылданып, өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға өз үлесін қосып келеді. Қатысушылардың басым бөлігін ауыл жастары құрайды.

Маманның айтуынша, қазіргі жастар саясаты тек жұмыспен қамтумен шектелмейді. Басты мақсат – белсенді, жауапты және қоғамға бейжай қарамайтын жас буынды қалыптастыру.
– Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Таза Қазақстан» бағдарламасынан кейін «Жасыл ел» сарбаздарының қызметі жаңа деңгейге көтерілді. Бүгінде жастар маусымдық жұмыстармен қатар, жыл бойы волонтерлік негізде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға атсалысып келеді. Олар тұрғындарды табиғатты қорғауға, тазалық сақтауға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға шақырады, – дейді ол.
Оның пікірінше, белсенді жастарды тәрбиелеудің маңызды бағыттарының бірі – экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
– Экологиялық мәдениет дегеніміз – тазалықты өзіңнен бастау. Өз үйіңді, өз аулаңды таза ұстау, қоғамдық орындарда қоқыс қалдырмау, табиғатқа ұқыпты қарау. Мұндай дағдылар бала кезден қалыптасуы керек. Сондықтан жастардың экологиялық сауаттылығын арттыру – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі, – дейді бөлім басшысы.

Бұл бағытта Алматы облысында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – «Өз ағашыңды өсір» акциясы.
– Алматы облысы әкімінің бастамасымен соңғы екі жылда өңірдегі 400-ден астам мектепте «Өз ағашыңды өсір» акциясы өткізіліп келеді. Жобаның ерекшелігі – балалар дайын көшет отырғызып қана қоймай, дәннен бастап өз ағашын өсіріп, күтіп-баптайды. Бұл олардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттырады, – дейді Айым Абайқызы.
Мамандардың пікірінше, жастардың қоғамдық бастамаларға белсенді қатысуы олардың азаматтық ұстанымын қалыптастырып, көшбасшылық қасиеттерін дамытуға ықпал етеді. Сондықтан жастар саясатының басты бағыты – белсенді, бастамашыл әрі жауапты ұрпақ тәрбиелеу болып қала бермек.