Белгілі заңгер Шымкентте жарық жиі сөнетінін сынға алды

Белгілі заңгер Шымкентте жарық жиі сөнетінін сынға алды
Magnific.com

Белгілі заңгер Айгүл Орынбек Шымкентте электр жарығының жиі өшуіне қатысты пікір білдіріп, қаладағы жағдайды сынға алды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Заңгердің айтуынша, соңғы уақытта Шымкентте электр жарығының өшуі жиілеп кеткен.

«Шымкентте жарық өшу көбейді, бір күнде бес-алты рет өшеді. Ақшасын уақытылы төлейміз, үйдегі техниканың бәрін күйдіріп бітті», – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

Айгүл Орынбек мұндай жағдай тұрғындарға қолайсыздық туғызып қана қоймай, тұрмыстық техниканың істен шығуына себеп болып жатқанын айтты.

Сондай-ақ ол жарық жүйесіне жауапты мекеме мен қала әкімдігінің бұл мәселеге назар аударуы қажет екенін жеткізді.

«Жарықтың басшысы кім еді, игере алмай жатқан шығар. Қаланың әкімі Ғабит Сыздықбековке айтыңдаршы, халық шулатып жатыр, оны да мемлекетке қайтарсын!» – деді заңгер.

Желі қолданушыларының бір бөлігі заңгердің жазбасын қолдап, Шымкенттің түрлі аудандарында электр энергиясының жиі үзіліп жатқанын айтып пікір қалдырған. Ал «Оңтүстік Жарық Транзит» компаниясының ресми парақшасы пікірге жауап беріп, мәселенің себебін анықтау үшін нақты мекенжайды жіберуді сұраған.