Үкіметте көлік саласындағы жобаларды жүзеге асыру мәселелері қаралды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Премьер-министр Олжас Бектенов қабылданып жатқан шаралар нәтижесінде теміржол арқылы транзиттік тасымал көлемі жылына 55 млн тоннаға дейін ұлғаятынын атап өтті. Үкімет басшысы ҚТЖ-ның жұмысы әлсіз екенін айтып, жағдайды реттеуді тапсырған.
"Көлік министрлігі "Қазақстан темір жолы" компаниясымен бірлесіп, жыл соңына дейін негізгі теміржол желілерінің құрылысын, сондай-ақ, вокзалдарды жаңғырту жұмыстарын аяқтасын. Автомобиль жолдарын салу және күрделі жөндеу жұмыстары аясында олардың нормативтік талаптарға сәйкес келуін қамтамасыз ету қажет. Мультимодальды транзит көлемін арттыру үшін көлік саласын цифрлық трансформациялау керек", - деді Олжас Бектенов.
Осылайша елімізде жыл соңына дейін негізгі теміржол жобалары аяқталып, вокзалдарды жаңғырту қарқыны жеделдетіледі.