Батыс Қазақстандағы “дронға ұқсас зат” табылуына байланысты тергеу жүргізілуде

Көркем Алдабергенова 26 нау. 2025 16:15 651

26 наурызда парламентте журналистер сұрағына жауап берген Қазақстанның қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданында “дронға ұқсас зат” табылғанын және бұл оқиға бойынша тергеу жүріп жатқанын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ол әуе қорғаныс күштері тергеу процесіне тартылғанын мәлімдеді, бірақ басқа ақпарат беруден бас тартты.

Қазақстан аумағына әскери дрондардың құлауы бірінші рет емес екенін айтып, оның себебі туралы сұраған журналистке Жазықбаев: “Арандатудың қажеті жоқ” деп жауап қатты.

“Бөкей ордасы ауданында не бар екенін білу керек қой. Мүмкін, бұл техникалық ақаудың салдарынан сыртқа шыққан болар. Барлығын тергеу нәтижесі көрсетеді,” – деді вице-министр.

Әскери дрондардың құлауы жұртты алаңдатып отырғанын және қорғаныс министрлігінің неге үнсіз қалатынын сұраған журналистерге Жазықбаев: “Халықты алаңдамауға шақырамын” деп жауап берді. Алайда, тергеу нәтижесінің қашан жарияланатынын нақтыламады.

24 наурызда Жәнібек ауданында дрон бөлшектеріне ұқсас заттар табылған. Биыл ақпан айынан бері Батыс Қазақстан облысында осындай үшінші оқиға тіркеліп отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар