Ермұрат БАПИ. «ДАТ» деген атынан Астанадағы дүрлер дүр үркетін қандыауыз басылымның батыры. Ермұрат – «Тасжарғанның» журналистік құқығы, редакторлық билігі сотталған Бас оқырманы.
Журналистикада «Шерханның шекпенінен шықтық» дейтін тіркес бар. Біз «Шерағаңның шекпенінен» шыққан жоқпыз. Бірақ сол шекпенді жамылғандардың шапанын көрдік. Ерағаң тоқсаныншы жылдардың басында «Мұртазаның баласы» ел ішінен талдап алған азулы тілшілердің бірі болды. Қазіргі «Егемен Қазақстан» газетін шығарған бір шоғыр жастың ішіндегі шоқтықтысы еді. Кейін билік үшін қызылкөз атанған оппозициялық «ДАТ»-тың тізгін-шылбырын қолына алды.
Бұл кезең Ер-Бапи үшін ерлеген шақ. Егер «Бас оқырманнан» «ДАТ»-тан бүгінгі «Общественная позицияға» дейінгі он шақты басылымды шығарудағы қиыншылықты сұрасаңыз, аңызға бергісіз ақиқатты тізіп береді. Мен Шерханның емес, Ермұраттың мектебінен өттім. Ол – журналистика деген машақаты мол, пайдасы аз кәсіпті таңдаған жас үшін жақсы ұстаз. Бапидан үйренгенімді емес, көргенімді айтайын.
Ерекеңнің бойындағы ең таза қасиет – батырлығы мен турашылдығы. Тура жолдан тайғандарды көрсе, Зайсандағы Аман ағасының баласы болса да ұрады. Тілі – мірдің оғындай. Сойып салады. Біреудің шамына тиіп кетеді-ау, ертең сотқа береді-ау дейтін жалтақ мінез тумысында жоқ.
Редакцияға қоқаңдап талай мықты келген: «Газетіңді жауып тастаймын», «Мен ана жақтың адамымын» дегендерді атына теріс мінгізіп, шығарып салатын. Бұл оның батырлығы ғана емес, айналасында жүрген біз сияқты жастарға көрсеткен ағалық жолы екенін енді-енді түсініп жүрміз. Жиын-тойларда бәзбіреулер сияқты шенеунік дегеннің алдына түсіп құрша жорғалағанын көрген жоқпыз. Қайта ондайларды көрсе, кеудесін көтеріп, өзін маңғаз ұстайтын.
Бірақ табиғаты қарапайым. Жұмыстағы қыз-жігіттерге әзілдеп, үнемі көңілді жүреді. «ДАТ»-қа қазан-ошағын артып әкеліп, газет шығарады. Тілшілерге қиын-қыстау кездерде ақша тауып бере алмаса да, тамақ тауып беретін.
Ер-Бапи туралы көп дүние жазуға болады. Бір мақаланың етек-жеңіне сыймайтын азамат... ЖСДП атынан сайлауға түскелі жатқанын естіп, бір қуанып, бір күйіндім. Қуанғаным – біздің Парламентке Бапи сияқты батырлар керек! Күйінгенім – біздің Парламент те, биліктегі кез келген қызмет те жағымпаздардың орны. Сондықтан Ермұраттың «ДАТ»-қа сыйған басы даңғарадай Парламенттің ордасына сыймайтыны анық.
Шындығы керек, бүгінгі билік Ермұрат сияқты ер мінезді: ақиқат жолында сынбайтын, тура жолдан таймайтын азаматтарды жолатпайды. Оларға жүндеуге жуас, айдағанға көнетін, қойдан қоңыр адам керек. Ал Бапи көгенге көнбейтін даланың нағыз көкжалы.
Жұқамыр ШӨКЕ