"Балгерлер мен экстрасентерге барып жүрді": Айтбек Амангелді Бишімбаев туралы айтты

Сағыныш Сардарова 29 нау. 2024 12:16 3047

Марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді сотта Қуандық Бишімбаевқа қатысты тың мәлімет айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бүгін бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысы өтіп жатыр. Сот отырысы жәбірленуші тараптан жауап алудан басталды. Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді сотта сөз сөйледі.

"Менің білуімше, Қуандық үнемі балгерлерге, экстрасентерге барып жүрген. Салтанатпен кездескенге дейін де қандай да бір сұрақтармен жүгініп отырған. Балгер "иә, сендерде бәрі жақсы болады, ол сені жақсы көріп қалады" деген. Маған айтқан күні Салтанатты ала барған... Салтанат та Бишімбаев әртүрлі сұрақпен балгерлерге жиі жүгінгенін айтты", - деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін де марқұмның ағасы Айтбек Амангелді Бишімбаев Нүкенованы балгерлерге баруға мәжбүрлегенін айтты.

"Салтанатты 8 наурызда құттықтауға барғанда көрдім. Түс уақытында барған едім. Оған бір құшақ гүл сыйладым. Ол үйде еді. Оның бет-әлпеті қатты шаршаңқы көрініп тұрды, көзінің асты қарайып кеткен. "Салтанат, неге шаршап тұрсың?" дедім. "Қуандық түнімен ұйқы бермеді, түнімен сөйлесіп шықтық, ал таң атпастан балгерге баруға мәжбүрледі" деді", - дейді ол.

Сонымен қатар, ол бірнеше күннен кейін қарындасы соққыға жығылған суретін жібергенін жеткізді.

 
Еске салайық, 27 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилер таңдалған еді. Алқабилер алқасына 12 адам іріктелді: 10 – негізгі құрам, 2 – қосалқы.
 
Кейін Қуандық Бишімбаев сотта Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіргенін мойындамады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар