Қазақстанда балалардың тісін емдеу кезінде наркоз қолдануға шектеу қойылмайды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрінің бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Стоматологиялық көмекті ұйымдастыру стандарттары мен клиникалық протоколдар бар. Олар халықаралық ғылыми практикаға сәйкес әзірленген және бекітілген. Денсаулық сақтау министрлігі бұл бағытта шектеу қоймайды", – деді Сұлтанғазиев.
Министрлік балаларда ауырсынуды көтере алмайтын жағдайларда наркоз қолдану орынды деп санайды.
"Бұл шешімді дәрігер өзі қабылдауы тиіс, баланың жағдайына және ауырсынуды көтеру мүмкіндігіне байланысты. Сондықтан дәрігер тиісті дәрі-дәрмектерді негіздеп тағайындауы керек", – деп атап өтті ол.
Сондай-ақ, ол наркоз қолдану процесін дұрыс үйлестіру және баланың жағдайын бақылау міндетті екенін айтты.
