Министрдің айтуынша, мектептерде кезекші топтарға келетін балалар үшін білім күні өтеді.
«Бүгінде біз мектеп директорлары мен білім басқармаларына әдістемелік нұсқауларды жібердік. Әрине, 1 қыркүйек – білім күні өтеді, тиісті шаралар да өтеді. Себебі кезекші топтарға келетін балалар бар», - деді Аймағамбетов.
Яғни, мектептегі шаралар 1-4 сыныптар үшін ұйымдастырылады. Ал қалған оқушылар онлайн форматта қатысады.
«Әдетте қалай болды? 1 қыркүйекте балалар мектепке келетін. Сол жерде салтанатты жиын өтізіліп, ары қарай балалар сынып сағаттарына қатысатын. Осы жолы жиын өткізудің қажеті жоқ. Сондықтан сынып сағаттары ғана өтетін болады. Демек, кезекші топтар үшін сынып сағаттары ұйымдастырылады. Ал қашықтан оқитындар үшін ондай шара онлайн режимде өтеді», - деді министр.
Бастауыш сынып оқушылары «кезекші сыныптарда» топта 15 баладан оқиды. Соңғы мәліметтер бойынша, 530 мың баланың ата-анасы оффлайн оқуға өтініш берген, бұл оқушылардың жалпы санының 15%. 5% - шағын жинақтаушы мекемелерде білім алатын оқушылар, олардың саны - 202 мың.
Дегенмен, кезекші сыныпта дәстүрлі форматта білім беру барысына бірнеше қатаң талап қойылады.
«Кезекші сыныптар дәстүрлі форматта оқиды десек те бірнеше қатаң талап қойып отырмыз. Өйткені, біз үшін ең бастысы - қауіпсіздік мәселесі. Сондықтан біріншіден үзіліс әртүрлі уақытта болады. Сабақтың басталуы да әртүрлі уақытта жүргізіледі. Екіншіден, қыркүйекте сабақ ұзақтығы 40 минутпен шектеледі», - деді министр.
Оның атап өтуінше, кезекші сыныптарда санитарлық талаптар қатаң сақталуы тиіс.
«Балалар бір кабинетте ғана оқиды. Әдеттегідей бір кабинеттен екінші кабинетке көшіп оқуға жол бермейміз деп шештік. Әр күн сайын термометрия жүргізіледі. Жуу, желдету режимі бойынша тиісті талаптар қолданылады. Шағын жинақталған мектептерде дәстүрлі білім беру барысына да осы талаптар қойылып отыр. Бұған қоса, бір сыныпта 25-30 бала болатын болса, онда оларды 15 баладан аспайтын топқа бөлу керек деген шешім қабылдадық. Осы шешім аясында жұмыс жүргізіледі», - деді Асхат Аймағамбетов.
Бүгінде жалпы республика бойынша, 2,6 млн оқушы бар. Олардың 80% қашықтан оқиды.
«Оның екі жолы бар - интернет немесе теледидар арқылы. «Ел арна» мен «Балапан» арналары 9 сағатқа дейін телесабақ көрсетуге дайын. Қазір түсірілімдер жалғасуда», - деді министр.
Ал, қашықтан оқыту 8 интернет платформада жүргізіледі.
«Әрине, қашықтан оқыту бойынша екі негізгі бағыт бар. Бірінші бағыт - интернет арқылы оқыту. Интернет арқылы оқыту бойынша бізде арнайы бірнеше интернет платформа бар. Жалпы, өткен оқу жылының 4-тоқсанында бізде екі негізгі 2 интернет платформа болса, осы уақытта оған тағы 6 интернет платформа қосылып, 8-ге жетті», - деді Асхат Аймағамбетов.
Оның атап өтуінше, осы платформалардың ыңғайына байланысты, беріп отырған мүмкіндігіне байланысты мектептер, қалалық, аудандық білім бөлімдері шешім қабылдап, келісімшартқа қол қояды және сол платформамен жұмыс істейді.
«Екінші бағытта балалар телеарналар арқылы сабақ беріледі. «Ел арна» және «Балапан» телеарналары телесабақтарға тәулігіне 9 сағатқа дейін эфир бөліп отыр», - деді министр.
Abai.kz