Премьер-Министр егін жинау науқанының барысы Үкіметтің тұрақты бақылауында екенін атап өтті.
– Өздеріңіз білетіндей, биылғы жыл еліміздің егіншілері үшін қолайсыз болды. Жаздың 2 айындағы аптап ыстықтың соңы күзгі жауын-шашынға ұласты. Бұл әрине, астықтың түсімін азайтып, жұмыс қарқынын едәуір бәсеңдетіп жіберді. Дегенмен, егін жинау науқанын қаржылай және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылданды. Астықты өңірлерде осы айдың соңына дейін қатты жаңбыр жауады деген болжам жоқ. Сондықтан, осы мерзім ішінде барынша үлгеріп қалу керек, – деді Әлихан Смайылов.
Ол еліміздің солтүстік өңірлеріндегі ауа-райының қолайсыздығына байланысты Мемлекет басшысы Үкіметке астық өндіретін фермерлер мен шаруа қожалықтарына қажетті көмек көрсетуді тапсырғанын еске салды.
– Энергетика министрлігі астықты кептіру үшін қосымша көлемде дизель отынын бөлетін болады. «Бәйтерек» холдингі несиелер бойынша қарыздарды қайта құрылымдап, қолайсыз ауа-райынан зардап шеккен фермерлер үшін айыппұл санкцияларын салмай, Азық-түлік корпорациясының желісі арқылы тауарлық несие мерзімдерін ұзартып отыр. Ауа-райының қолайсыздығы форс-мажорлық жағдай ретінде танылуы тиіс. Субсидияларды толық көлемде төлеу керек, – деп атап өтті Премьер-Министр.
Сонымен қатар Премьер-Министр астық таситын вагондармен уақтылы қамтамасыз етіп, теміржолдағы ұзын-сонар кезекті болдырмауды талап етті.
«Біздің міндетіміз – егінді сапалы жинап алуды қамтамасыз ету», – деп түйіндеді ол сөзін.