Айдабулка өзеніндегі балық қырылуы: спирт зауытына 21,3 млн теңге айыппұл салынды

Самал Асқар 27 ақп. 2026 18:37

Ақмола облысының Зеренді ауданындағы Айдабұлка өзенінде балықтың қырылуы туралы әлеуметтік желіде жарияланған ақпараттан кейін «Айдабұл спирт зауыты» АҚ-қа қатысты жоспардан тыс тексеріс жүргізілді, деп хабарлайды Dala news.
 
Облыстық экология департаментінің мәліметінше, тексеріс барысында кәсіпорын аумағында өндірістік нысандардан Айдабұлка өзеніне қарай бағытталған құбыр анықталған. Аталған құбыр арқылы жылу алмастырғыштардан шыққан ағынды су рұқсатсыз төгілген.
 
Кәсіпорын өкілдерінің түсіндіруінше, төгінді ысырманың толық жабылмауы салдарынан болған.
 
Зертханалық талдау нәтижесінде төгінді орнынан алынған су сынамаларында ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясынан асуы тіркелген. Бұл су нысанының ластанғанын растады.
 
Сондай-ақ кәсіпорынның айналымдағы су тоғанына төгілетін ағынды сулар да тексерілді. Нәтижесінде органикалық азотқұрамды заттар бойынша шекті мөлшерден асу фактілері анықталған. Бұл ластану кәсіпорынның шаруашылық қызметімен байланысты екені көрсетілді.
 
Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорынға 21,3 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
 
Бұдан бөлек, анықталған заңбұзушылықтарды жою жөнінде нұсқама берілді. Онда:
•техникалық іс-шаралар жоспарын әзірлеу және іске асыру;
•қоршаған ортаның ластануына жол бермеу шараларын қабылдау;
•өзенге қайта ластану қаупін болдырмау үшін құбырды демонтаждау талаптары қамтылған.
 
Экологиялық заңнама талаптарының орындалуы және берілген нұсқаманың жүзеге асырылуы тұрақты бақылауда болады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove