Әуезов театрының директоры ауысты

Dalanews 25 сәу. 2015 00:21 1594

Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының директоры ауысты. Бүгін таңертең Астанадан Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Ғалым Ахмедьяров келіп, театр директоры Еркін Жуасбекті қызметінен босатып, оның орнына актер Ерлан Біләлді тағайындады.

Сайлауға бір күн қалғанда мұндай шешім қабылдауға не түрткі болғаны белгісіз. Еркін Жуасбектің қандай қызметке баратыны да жұмбақ.

01-01Жуасбек Еркін Тілеуқұлұлы, театр директоры, өнертану ғылымдарының кандидаты

1965 ж. Жамбыл облысы Байзақ ауданы Сарыбарақ ауылында дүниеге келді.

1982 ж. Алматы Мемлекеттік Театр-көркемсурет институтының театр факультетіне «Драма және кино актері» мамандығына оқуға түсті.

1984-1986 жж. әскери борышын атқарды.

1986-1988 жж. оқуын жалғастырып, бітіріп шықты.

Еңбек жолын  ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының М. Әуезов атындағы  Әдебиет және өнер институтында аға лаборант болып бастады. 1990-1993 жж. осы институттың аспирантурасында оқыды.

1994 ж. театртану саласы бойынша кандидаттық диссертация қорғап, аталмыш институтта ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді.

1996-1997 жж. Қазақтың өнер мәселесі бойынша ғылыми Орталығына бөлім меңгеруші.

1997-1999 жж. ҚР Білім және мәдениет министрлігі Мәдениет комитетінің “Театр және кино” бөлімінің бастығы;

1999-2001 жж. Республикалық Неміс драма театрының директоры;

2001 ж. М. Әуезов атындағы академиялық драма театрында әкімшілік директоры;

2004-2008 жж. ҚР Театр  қайраткерлері Одағының төрағасы;

2008 ж. желтоқсанынан 2013 ж. сәуіріне дейін Астана қаласындағы Қ. Қуанышбаев атындағы музыкалық драма театрының директоры;

2013 ж. 1-сәуірінен  М. Әуезов атындағы Қазақтың Мемлекеттік академиялық драма театрының директоры-көркемдік жетекшісі қызметіне тағайындалды.

Драматургия жанрында табысты еңбек етіп келе жатқан Е. Жуасбектің «Үйлену»,   «Күлеміз бе, жылаймыз ба?», «Антивирус», т.б пьесалары республика  театрларында қойылды.

ЕрланБіләл Ерлан Әбділдаұлы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар одағы сыйлығы лауреаты

1971ж. Алматы облысы, Райымбек ауданы,  Текес ауылында дүниеге келген.

1993ж. Қазақ Мемлекеттік Т.Жүргенов атындағы Театр-Кино институтын (қазіргі Өнер академиясы) театр-кино актері мамандығы бойынша бітірген. Осы жылы М.Әуезов театрының актерлік тобына қабылданды.

2011ж. 12 қыркүйегінен бастап театр директорының орынбасары.

Сахнадағы негізгі рольдері:

Ұлттық классика мен заманауи драматургияда– М.Әуезовтің «Абайында»  Керім, «Қарагөзінде» Сырым (реж. Ә.Мәмбетов), «Еңлік-Кебегінде» Кебек (реж. Ж.Хаджиев), «Айман-Шолпанында» Әлібек (реж.Е.Обаев), «Абайында» Абай (реж.Е.Обаев), «Қилы заманында» Ұзақ батыр (сахналық нұсқасы.Н.Оразалин, реж.Ә.Рахимов),  Д.Исабековтің «Жаужүрегінде» Балуан Шолақ (реж.Е.Обаев),  Б.Жәкиевтің «Жүрейік жүрек ауыртпайында» қарияның ұлы (реж.Е.Обаев), И.Сапарбайдың «Сыған серенадасындағы» Шәмші (реж. Е.Обаев, Т.Аралбай), «Қыз мұңында» генерал (реж.Е.Обаев, Т.Аралбай), Ғ.Мүсіреповтің «Махаббат дастанында» Қозы («Қозы Көрпеш-Баян сұлу», реж.Қ.Сүгірбеков), Д.Амантайдың «Сәлеметсің бе, қоңыр мұңында!» Қаранар,  Б.Мұқайдың «Өмірзаясында»  Жас жігіт (реж. Қ.Сүгірбеков), Ш.Құсайыновтың «Үкілі Ыбырайында» Ыбырай, Қ.Ысқақтың «Жан қимағында» Сұлтанмахмұт (реж.Б.Атабаев), Ә.Таразидің  «Ақын… Періште…Махаббатында…» Ақын (реж. Ә.Рахимов),  М.Ғапаровтың «Тұзды шөлінде» Темір, Қ.Ысқақ, Шахимарденнің «Қазақтарында» Мұхаммед Шайбани (реж. Т.Әл-Тарази), Иран- Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?..» реквиемінде Құнанбай (реж.О.Кенебаев), т.б.

Әлемдік классика мен заманауи драматургияда-  Шекспирдің «Асауға – тұсауында» Грумио (реж.Ә.Мәмбетов), К.Гоццидің  «Турандот ханшайымында» Калаф (режиссері Т.Әл-Тарази), Чеховтың «Шағаласында» Треплев (реж.Б.Атабаев), Гогольдің «Ревизорында» Бобчинский («Пара», реж.Е.Обаев), Г.Гауптманның «Ымырттағы махаббатында» Ганефельд (реж.Р.Андриасян), Н.Хикметтің «Фархад-Шырынында» Уәзір (реж. А.Әшімов), Ү.Гаджибековтің «Аршын мал аланында» Әскер (реж. Т.Әл-Тарази), А.Чеховтың «Апалы-сіңлілі үшеуінде» Вершинин (ауд.Ә.Бөпежанова, реж.Р.Андриасян, А.Кәкішева). т.б.

Театрдың дәстүрлі «Театр көктемі» фестивалінің  бірнеше мәрте жүлдегері.

ҚР еңбек сіңірген қайраткері (2009), ҚР Жастар одағы сыйлығының лауреаты (2002)

Қазақ Ұлттық Т.Жүргенов атындағы Өнер Академиясының аға оқытушысы

Кинорольдері:

«Біржан сал» Сал сері (реж. Д.Жолжақсынов), «Сіз кімсіз, К мырза?» тіс дәрігері (реж. К.Ахметов), «Балалық шағымның аспаны» – ән пәнінің мұғалімі  (реж. Р. Әбдірашев) «Ата-жұрт» мектеп директоры (реж. С.Тәуекелов).

Белгілі актер  «Хабар» телеарнасында «Алтыбақан», «Кеш қалмаңыз», «Атамекенді»  бағдарламаларының жүргізушісі ретінде де кеңінен танымал. Фильмдердің қазақ тілінде көркем  шығуына, яғни дубляжға да атсалысып жүр.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар