Атқарылар жұмыс аз емес

Dalanews 14 там. 2018 10:10 907

Бүгін Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев Қазыбек би ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, мұң-мұқтаждарын тыңдады.

Кездесуде  Қазыбек би ауыл округінің әкімі Дәулет Оразов жыл басынан бергі атқарылған жұмыстардың барысын баяндады. 7 ірі елді мекеннен құралған округте бүгінде 2256 отбасы яғни 16895 халық тұрады. Жұрттың негізгі күн көрісі – егіншілік.

Жалпы жер көлемі 8816 гектарды құрайды. Оның 7573 гектары суармалы егістік саналаса, биыл 4990 гектарына мақта дәні себілген. Шаруаларға бүгінге дейін 1259 тонна тыңайтқыш үлестіріліп берілген. Алайда аталған округке қарасты егістік жерлердің 3582 гектары ғана электронды картаға енгізіліпті. Нақтырақ айтсақ, 337 шаруа қожалығының 170-нің жер иесі табылмай жатыр екен. Мәселеге қаныққан аудан әкімі ауыл окургінің басшысына цифрландыру жұмыстарың өте баяу әрі нәтижесіз жүргізіліп жатқанына сын айтты.
– Құрметті жерлестер! Бүгінде ауыл шаруашылығы жерлерін қайта құжаттандыру яғни цифрландыру үдерісі жүріп жатыр. Бұл шаруалардың жұмысын едәуір жеңілдедетін болады. Бір сөзбен айтқанда, электронды картаға енген жер иелері ғана мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерге еш қиындықсыз қол жеткізе алады. Ал, бұл науқанға немқұрайлы қараған шаруалар барлық мүмкіндіктерден шет қалып кету қаупі бар. Сондықтан барлығыңыз ауыл окургі әкімімен бірлесе отырып, иеліктегі жерлеріңізді заңдастырып алыңыздар, –деді Жамантай Қанайұлы.

Аудан басшысы ауыл окурігі әкіміне егістік жерлерді қайта құжаттандыру жұмыстарын 1-ші  қазанға дейін толық әрі нақты аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ, К-26 каналын мемлекет меншігіне өткізу ісін жеделдетуді жүктеді. Бұдан бөлек, ауыл округінің даму жоспарын әзірлеп, алдағы жылы іске асуы тиіс жобалардың жай-күйін сұрастырды. Округ әкімі 2019 жылы 9 көшенің күрделі жөндеу жұмыстарына сметалық құжаттарының дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар, 11 көшеге тас төсеу жұмыстары жоспарланып отыр екен. Айта кетейік, бүгінде Қазыбек би ауыл окургінде бас-аяғы 120 көше бар болса, оның 40 пайызы ғана талапқа сай келеді.  Сондай-ақ,  алдағы жылы округ тұрғындарын ауыз сумен қамтып отырған 11 мұнараның 5-еуі жаңартылатын болады.

Мұнан кейін кездесу сұрақ-жауап негізінде жалғасын тапты. Аудан басшысына мұң-мұқтажжарын жеткізгендердің бірі – Таубай ата ауылының тұрғыны Мәуленқұл Жәменов ауыз су мәселесін көтерді. Оның айтуынша, жер асты суларының тартылып кетуіне байланысты елді мекенде ағын су тапшылығы сезілуде екен. Екінші түйткіл – ағын су. Таубай ата ауылы каналда едәуір биікте орналасқандықтан ағын судың келу қарқыны өте төмен. Үшінші мәселе – көшелердің жағдайы.

Жиын барысында ағын су бағасы, табиғи газ, спорт алаңшалары, ауыл ішілік көшелердің бойларын абаттандыру мәселелері де сөз болды.   Тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдаған аудан басшысы көтерілген мәселердің алдағы жылдары шешімін табатындығын жеткізіп, ауыл окургі әкіміне нақты тапсырмалар жүктеді.

Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар