Атырау облысында жоғалған отбасы ісі: күдіктілер Қазақстанға жеткізіледі

Көркем Алдабергенова 05 нау. 2026 13:20

Атырау облысында ерлі-зайыптының өліміне қатысты іс бойынша күдіктілер осы айда Қазақстанға жеткізіледі, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ішкі істер министрлігі оларды елге қайтару бағыттарын пысықтап қойған. Бұл туралы Қазақстан Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді.

Әділовтің айтуынша, қазіргі уақытта аталған қылмыстық іс бойынша Индонезиядан Қазақстанға екі күдіктіні экстрадициялау мәселесі шешілген.

«Олар жақын арада Қазақстанға жеткізіледі. Біз оларды осы айда алып келеміз. Басқа елдердегі әріптестерімізбен бірге келу бағыттарын пысықтап қойдық және әрі қарай жұмысты қолданыстағы Қылмыстық-процестік кодекс талаптарына сәйкес жалғастырамыз», – деді ол.

Бұған дейін полиция аталған іс бойынша Индонезияда күдіктімен бірге 30 жастағы қазақстандық Ақбаян Мұқанғалиева да ұсталғанын хабарлаған болатын. Қазір оның бұл іс бойынша құқықтық мәртебесі нақтыланып жатқаны айтылды.

Журналистер Әділовтен ұсталған әйелдің нақты қандай мәртебеде – күдікті ме, әлде куәгер ме – өтіп жатқанын сұрады. Министрдің орынбасары бұл мәселе тергеу барысында анықталатынын жеткізді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove