Астаналық жеке сот орындаушылары өндіріп алынған қаржыны құмар ойындарға жұмсаған. Бұл туралы қала прокуратурасының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Қалалық прокуратура екі жеке сот орындаушысының әкімшілік айыппұлдарды өтеуге арналған қаражатты жымқырғанын анықтады. Екі жыл бойы олар сот актілерін орындап, мемлекеттік қазынаға қаржы аударудың орнына өз өкілеттіктерін асыра пайдаланып, ақшаны жеке мақсаттарына, соның ішінде құмар ойындарға жұмсаған", – делінген сейсенбі күні таратылған хабарламада.
Сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың қаражаттары да осылайша жымқырылғаны атап өтілді.
"Жалпы залал көлемі 26 миллион теңгеден асты. Сот орындаушыларына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталып, шығын толық өтелді. Тергеу нәтижесінде уәкілетті орган оларды лицензиясынан айыру бойынша шара қабылдайды. Сонымен қатар мұндай қылмыстық құқықбұзушылықтардың алдын алу үшін берешек сомаларын тікелей өндіріп алушыларға аудару және атқарушылық санкцияны есептеу үшін жасанды интеллектті қолдану ұсынылды", – делінген хабарламада.