Астанада қандай әлеуметтік жобалар іске асуда?

Dalanews 01 жел. 2023 03:00 934

Астана қаласы әкімдігінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия отырысы өтті, – деп хабарлайды Dalanews.kz Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шараға Астана қаласы әкімдігінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері, мемлекеттік органдардың өкілдері, мәслихат депутаттары, БАҚ қызметкерлері қатысты.

Отырысты Астана қаласы әкімі орынбасары, аталған комиссия төрағасы Есет Байкен ашып, баяндамашыларға сөз кезегін берді. Алдымен, 2023 жылға арналған жобалар мен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс қорытындылары талқыланды.

Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб аталған басқарма 2023 жылға арналған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстардың тақырыптарын бекітіп, 2023 жылға 5 әлеуметтік жоба жоспарланғаны жайлы айтып өтті.

Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов өз сөзінде әйелдерді көшбасшылыққа үйрету бағытындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар аясындағы жобаларға тоқталды.

– Алдымен, биыл әлеуметтік мемлекеттік тапсырыстың аясында қолға алынған 11 тапсырыстың 3-еуі отбасы институын нығайтуға арналған жобалар екенін айтып өткім келеді. Бірінші жоба татуластыру орталығын құруға бағытталды. Отбасында туындаған дауларды медиация әлеуетін пайдалана отырып шешу мақсатында ұзақ мерзімді 3 жылдық жоба жүзеге асырылуда.


Бүгінгі таңда жоба екінші жылы жүзеге асырылуда. Орталық Астана қаласының соттарымен және медиация орталығымен тығыз байланыста өзара жұмыс істеуде. Қаңтар-қараша айлары аралығында отбасылық жанжалдар бойынша 300-ге жуық азаматтық-психологиялық сүйемелдеу көрсетілді.

Олардың ішінде 180 әйелге ішкі істер органдарымен бірлесіп тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша профилактикалық жұмыс жүргізілді. 29 отбасы медиация арқылы татуласты, – деді Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы.

Мамандар 32 азаматпен әңгімелесіп, кейін оңалту курсына өткен. Психологиялық жәбірленуден сақтау, түрлі көмек көрсету мақсатында 26 азаматқа заңнама негізінде кеңес берілді. Дағдарыс орталығына 3 әйел орналастырылды. Жоба аясында қалалық соттармен бірлесе отырып, оқу семинарлары ұйымдастырылып жатқанын Ішкі саясат басқармасының басшысы тілге тиек етті.

Сондай-ақ, аталған жоба аясында әйелдердің саяси өмірдегі белсенділігін арттыруға ықпал етіп, гендердік мәдениеттің қалыптасуы үшін кешенді іс-шаралар жүргізуде.


Осыдан кейін отырыста әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою үшін халықаралық күрес күніне арналған жыл сайынғы «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» науқанын ұйымдастыру, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды қосымша біліммен, спорт секцияларымен және үйірмелермен қамтамасыз етуге бағытталған бюджеттік бағдарламаның іске асырылуы сияқты мәселелерге талдау жасалды.

Тақырыптарға байланысты отырысқа қатысушы өзге де басқармалар басшылары мен Астана қаласы әкімдігінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері сөз сөйледі.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар