Астанада Cardiff University-дің алғашқы шетелдік кампусы ашылды

Ақтоты Жапатова 03 қыр. 2025 16:44

Cardiff University Астанада өз филиалын ашты. Бұл – университеттің шетелдегі алғашқы кампусы әрі Орталық Азиядағы Russell Group өкілдерінің ішіндегі жалғыз жоғары оқу орны. Салтанатты шара халықаралық білім беру саласындағы маңызды қадам әрі Қазақстан, Ұлыбритания және Уэльс арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтудың белгісі болды,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Ашылу рәсіміне ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Салли Аксворти ханым, Cardiff University президенті әрі вице-канцлері профессор Венди Ларнер, сондай-ақ университет өкілдері мен серіктес ұйымдар қатысты.

Cardiff University президенті Венди Ларнер бұл оқиғаның маңыздылығын атап өтті.

– Қазақстандағы Cardiff University кампусы – біздің алғашқы халықаралық филиалымыз. Осы айда-ақ академиялық тұрғыдан мықты студенттердің алғашқы легін қабылдауды асыға күтеміз. Біз Russell Group құрамындағы алғашқы университет ретінде Қазақстанда кампус аштық. Бұл – жаһандық мақсаттарымызды жүзеге асырудағы маңызды қадам, – деді ол.

Cardiff University Kazakhstan директорлар кеңесінің төрайымы, университеттің бас операциялық директоры Пола Сандерсон да пікір білдірді.

– Трансұлттық білім беру саласын зерттеуші ретінде Саясат Нұрбектің Қазақстанда жүзеге асырған осындай ауқымды әрі кешенді стратегиясын сирек кездестірдім. Бұл елді тек өңірлік қана емес, халықаралық білім хабы ретінде танытады, – деді ол.

Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Салли Аксворти жаңа кампустың ашылуын екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жаңа парағы деп бағалады.

– Cardiff University кампусының ашылуы қазақстандық студенттерге әлемдік деңгейдегі академиялық тәжірибеге жол ашады, – деді ол.

Cardiff University – Ұлыбританиядағы жетекші зерттеу университеттерінің бірі, Russell Group мүшесі. ЖОО QS World University Rankings 2026 тізімінде 181-орында, ал Complete University Guide 2026 рейтингінде 22-орында тұр.

2025 жылғы қыркүйектен бастап Астанадағы кампуста студенттер компьютерлік ғылымдар, бизнес-менеджмент, азаматтық құрылыс және геология салалары бойынша ағылшын тілінде білім алады. Сабақтарды Cardiff University мен Cardiff University Kazakhstan оқытушылары жүргізеді.

Ашылу салтанатында қонақтар қазақ және валлий тәттілерін татып көріп, дәстүрлі валлий арфасының үні мен екі ел мәдениетін тоғыстырған өнер бағдарламасынан әсер алды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар