Астанада босанған шетелдік әйел депортацияға ілікті

Самал Асқар 26 нау. 2026 18:02

Астанада босанған Алжир азаматы көші-қон заңын бұзды деп танылып, елден шығарылуы мүмкін, деп хабарлайды DalaNews.

Алжир азаматы Сарах Тазекритт Қазақстанға күйеуімен бірге туристік визамен келген. Оның елде болу мерзімі 2025 жылғы 14 қазанда аяқталуы тиіс болған. Алайда дәл сол күні толғағы басталып, екі күннен кейін Астанада босанған.

Осыдан кейін әйелдің елден шығуы мүмкін болмай қалды. Біріншіден, медициналық талаптарға сәйкес жүкті және жаңа босанған әйелдерге ұшуға шектеу қойылады. Екіншіден, жаңа туған нәрестенің шығуына қажетті құжаттар болмаған.

Құжат рәсімдеу бірнеше айға созылған. Отбасы алдымен Қазақстанда туу туралы куәлік алып, кейін Алжирдің дипломатиялық органдарына жүгінген. Бірақ Астанада елшілік болмағандықтан, оларды Өзбекстанға бағыттаған.

Соған қарамастан, 2026 жылдың наурызында сот Сарах Тазекриттті кінәлі деп танып, елден шығару және Қазақстанға кіруге тыйым салу туралы шешім шығарған.

Адвокат Алтынбек Айтымбетовтің айтуынша, бұл жағдайда әйелдің елден кетуден жалтару ниеті болмаған.

«Бұл – мәжбүрлі жағдай. Ана мен баланың денсаулығы бірінші орында болуы тиіс еді», – дейді ол.

Қорғаушы тарап істі қайта қарауды талап етіп, Бас прокуратураға жүгінген. Олардың пікірінше, бұл шешім орындалса, бала үшін ауыр салдар туындауы мүмкін.

Қазіргі таңда соңғы үміт – кассациялық сот шешімі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove