Елордада есірткіні заңсыз сақтады деген күдікпен екі адам ұсталды,деп хабарлайды Dalanews.kz.
Полиция мәліметінше, 40 жастағы қала тұрғыны аялдамалардың бірінде қолға түскен. Жеке тінту барысында оның сөмкесінен скотчпен оралған, өзіне тән иісі бар сұр-жасыл түсті зат салынған ірі орама табылған. Сараптамаға сәйкес, бұл – жалпы салмағы шамамен 1 келіні құрайтын гашиш.
Кейін оның тұрғылықты жерінде жүргізілген тінту кезінде ас үйдегі пештің ішінен дәл осындай зат салынған қара пакет анықталып, тәркіленген. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Сонымен қатар жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 40 жастағы ер адам ұсталды. Жеке тінту кезінде одан синтетикалық есірткі – мефедрон салынған бірнеше орама табылған. Тағы бір ораманы күдікті шұлығына жасыруға тырысқан. Бұл факті бойынша да сотқа дейінгі тергеу басталды.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі есірткі заттарын сақтау, тасымалдау және өткізу заң бойынша қатаң қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертті.
