«Астана банкі» экс-басшысының павлодарлық сыра зауытына тиесілі мүлкі тәркіленді

Көркем Алдабергенова 03 мау. 2025 15:21

Сәуір айында Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты «Астана банкі» АҚ директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Олжас Тохтаровты 10 жылға бас бостандығынан айырды. Соттың шешімі бойынша, ол өз қарамағындағылардың көмегімен агенттік қызмет түрінде ақша жымқырған және банк банкротқа ұшырар алдында Алматыдағы бизнес-орталықты заңсыз иемденіп алған, деп хабарлайды Dalanews.kz "Время" басылымына сілтеп.

Сот үкімімен жалпы сомасы шамамен 14 млрд теңгенің мүлкі тәркіленді. Олардың қатарында тұрғын және коммерциялық ғимараттар, жер телімдері, бағалы қағаздар мен криптовалюта бар.

Ерекше назарды «Жаңа Роса» ЖШС активтерінің тәркіленуі аударды - бұл компания Павлодардағы 150 жылдық тарихы бар сыра зауытына иелік етеді. Компания активтері 4,9 млрд теңгеге бағаланған.

Іс материалдарына сәйкес, бұған дейін сыра зауыты «Роса» АҚ-ға тиесілі болған. Ол өз уақытында «АТФ Банк» АҚ-нан несие алған. Компанияның сол кездегі иесі - Олжас Тохтаровтың әкесі, экс-депутат Танирберген Тохтаров болған. Алайда кәсіпорын несиені қайтара алмай, банк мүлікті аукционға қойған.

Олжас Тохтаров зауыттың қайтадан өз отбасы иелігіне өтуіне күш салған. Ол байланысы бар тұлғаның атына «Жаңа Роса» ЖШС-ін тіркеп, «Банк Астанадан» 1,8 млрд теңге несие алған. Бұл қаражат аукционға қатысып, АТФ Банктен зауыт мүлкін сатып алуға жұмсалған. Кейін компания Тохтаровтың туыстарының атына рәсімделген.

Зауытты оның әкесі басқарған, ал жаңа компанияның құрылтайшысы болып Олжастың немере ағасы - Фуат Сатыбаев тіркелген. Басшылық қызметтерге бұрынғы «Банк Астаны» қызметкерлері отырған.

Сотта:

«Заңсыз қабылданған шешімнің нәтижесінде, банктің 1,8 млрд теңге мөлшеріндегі кредиттік қаражаты Тохтаров О. тарапынан аффилирленген тұлғалар арқылы “Жаңа Роса” ЖШС-на тиесілі сыра зауытын сатып алуға жұмсалған», – деп атап өтілді.

Қаржы нарығын реттеу агенттігінің мәліметінше, «Жаңа Роса» компаниясына берілген несие бірқатар өрескел заң бұзушылықтармен рәсімделген: компания жаңа болған, кепілзат болмаған, несиені алу сәтінде табыстылық көрсеткіші теріс болған. Бұл - банктің өзінің ішкі ережелеріне де қайшы болған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар