Әскерилер 19 жастағы сарбаз Досбол Сапардың қалай көз жұмғанын айтып берді

Dalanews 07 мау. 2016 22:02 1089

Оңтүстік Қазақстанда да дәл осы лаңкестердің қолынан өлген тағы бір сарбаз Досбол Сапарды соңғы сапарға шығарып салды. Қатардағы жауынгермен қоштасуға туған жері Шардараға қаруластары мен Ұлттық гвардияның басшылары келді.

Әскерилер 19 жастағы сарбаз Досбол Сапардың қалай көз жұмғанын айтып берді

Отан алдындағы борышын жарты жыл ғана атқарған боздақтың жасы небәрі 19-да болатын деп хабарлайды КТК арнасы.

Әкесі тұңғышы Досболдың маңдайынан соңғы мәрте сипап ақтық сапарға шығарып салды. Лаңкестік шабуыл кезінде оққа ұшқан Досбол Сапармен қоштасуға таңертеңнен бері жүздеген адам ағылуда. Жаназаға 300 шақырымдық жерден облыс әкімі орынбасарларымен жетсе, Астанадан арнайы келген генералдар да осында. Ал жауынгердің денесін Ақтөбеден әкелген басшылығы Досболдың қандай жағдайда көз жұмғанын айтып берді.

"Қатардағы жауынгер Сапар сол күні әскери патрульдік топ қызметінде болған. Тәртіп бойынша 2 жауынгер болады. Үстерінде бронежилет киіледі. Беті мен аяғына оқ тиген", - дейді  «Батыс» өңірлік қолбасшылығының басқарма бастығы Әлішер Әбдірәсіл.

Досболдың денесі өзі тұрған Көксу ауылының іргесіндегі қорымға жерленді. Мұнда жауынгерлер ерлікпен қаза тапқан қаруласы үшін әскери дәстүрмен құрмет білдірді. Марқұм үй ішімен бір апта бұрын ғана сөйлескен екен.

"Бұндай жағдайды күткен жоқпыз. Ауруханада жатыр деп келдік қой", - дейді марқұмның әкесі Еркінбек Әбдіқадіров.

Қазір, Ақтөбедегі №6655 әскери бөлімінде жарақат алған тағы бір оңтүстікқазақстандық сарбаз емделіп жатыр. Бірнеше жеріне оқ тиген 22 жастағы Сырым Сүндетов есін жиған соң Шымкентке жөнелтілетін болды. Ол да Досболмен былтыр қыста ғана әскерге барған.

Отан қорғап жүріп небәрі 19 жасында шейіт болған Досбол Сапардың отбасына көңіл айтып келіп жатқандардың қарасы азаяр емес. Енді Шардара ауданының жұрты 40 күн аза тұтады. Ал марқұмның туыстарына барлық көмекті көрсетеміз деп сендірген өңір басшылары батырдың есімін өзі тұрған көшеге немесе ауыл мектебіне беру мәселесін қарастырып жатыр.

 

Дереккөзі: nur.kz

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар