Ақтөбе облысында 90-жылдардағы тойларды еске түсіретін ерекше кортеж әлеуметтік желі қолданушыларының назарын аударды. Алайда мерекелік шараға қатысқан жүргізушілердің бірқатары жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Polisia.kz мәліметінше, әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада 90-жылдар стилінде безендірілген көліктер мен сол кезеңнің атмосферасын жаңғыртқан той көріністері бейнеленген.
Алайда полиция қызметкерлері бейнежазбаға жүргізген мониторинг нәтижесінде бірнеше құқық бұзушылықты анықтаған. Атап айтқанда, кейбір жүргізушілер жолаушыларды көлік кабинасынан тыс тасымалдаған. Сонымен қатар сыртқы жарық беру аспаптары мен дыбыстық сигналдарды пайдалану талаптарын бұзу фактілері тіркелген.
Тексеру барысында құқық бұзушылардың Қарғалы ауданының тұрғындары екені анықталды. Барлық қатысушыларға қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырылып, тиісті шаралар қабылданды.
Полиция мерекелік іс-шаралар кезінде де жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажет екенін еске салып, қауіпсіздік талаптарын бұзудың адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін екенін атап өтті.