Ақтөбе облысы Мәртөк ауданында 19 жастағы тұрғынға найзағай түсіп, көз жұмды. Оның сүйегі Ақмоласай ауылы маңындағы даладан табылған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Полицияның мәліметінше, қайғылы оқиға 22 маусымда болған.
"19 жастағы азаматтың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала болжам бойынша өлімге атмосфералық электр тогының әсері, яғни найзағай түсуі себеп болған", - деді ведомство өкілдері.
Оқиғаға байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарға найзағай кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау керек екенін ескертті. Мамандар ауа райы күрт өзгерген кезде ашық жерде қалмауға, жалғыз тұрған ағаштардың астына тығылмауға және қауіпсіз ғимараттарды паналауға кеңес берді.