Әнуәр Нұрпейісов: «Қазақ ұлты жойылады»

Dalanews 23 нау. 2017 14:47 887

Бүгін Атырауда өтіп жатқан Блогқұрылтай кезінде белгілі актер Әнуәр Нұрпейісов қазақ ұлтының ерте ме, кеш пе бәрібір жойылатынын, сондықтан ұлт мәселесіне көңіл аудармауға болатынын айтты деп хабарлайды Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жиынға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, елге белгілі тұлғалар Мұрат Әбенов, Есен Елеукен, Маралбек Сағынғанов, блогшы Әлішер Елікбаев, Сырым Әбдрахмановтар да қатысты.

Жиылғандарға сұрақ қойған жергілікті студент жұртқа белгілі тұлғалардың қоғамның тәрбишісі екенін айтып, оларды ұлт мәселесіне назар аударуға шақырды.

Сұраққа жауап берген актер Әнуар Нұрпейісов ұлт, тіл мәселесіне қатты көңіл бөлудің қажеті жоқ екенін жеткізді. Оның айтуынша, мәселен, мың жылдан кейін жер бетінде қазақ түгілі, ешқандай ұлт қалмайды. Сондықтан ұлт, тіл дей бергенше білімге көңіл бөлу керек деді ол.



Ол соңғы кезде жігіттердің қыздарға көп еліктеп жүргеніне де қатысты пікір айтты. Нұрпейісовтың ойынша, мұнда тұрған ештеңе жоқ. Біз жаһандану уақытында өмір сүріп жатқандықтан, түрлі мәдениеттің табиғатын бойымызға бәрібір сіңіреміз, одан қашып құтылу мүмкін емес.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бұл пікірмен келіспейтінін айтып, үзілді-кесілді қарсы болды:

– Әр ұлт өзінің келбетін, табиғатын сақтап қалуға талпынуы керек. Бұл – табиғаттың заңы. Тіл – ұлттың табиғатынан хабар беретін құрал, сондықтан біз тілге, ұлттық құндылықтарға бірінші кезекте көңіл бөлуіміз керек. Жігіттеріміз – жігітше, қыздарымыз – қыздарша өсуі қажет! – деді Нұрлан Ноғаев.

Айта кетелік, Атырауда өтіп жатқан биылғы Блогқұрылтайға республиканың түкпір-түкпір түкпірінен интернет қолданушылар жиналып, сала алдында тұрған проблемалар мен мүмкіндіктерді талқылады. Шара ертең блогтурмен аяқталады. Блогшылар жеті ханның сүйегі жатқан Сарайшық жеріне және аймақ үшін экономикалық ерекше маңызы бар бірнеше зауытқа барады.

 

Дереккөзі: szh.kz

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар