AMANAT фракциясының депутаттары Құрылтайда ұсынылған реформаларға қатысты пікір білдірді

Самал Асқар 21 қаң. 2026 16:30

V Ұлттық құрылтайдан кейін Мәжіліс депутаттары ұсынылған саяси бастамаларға қатысты өз ұстанымдарын ашық айта бастады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

AMANAT партиясы фракциясының мүшелері Құрылтайда көтерілген парламенттік реформа, билік құрылымының өзгеруі және басқару жүйесін жаңарту мәселелеріне баға берді.

Мәжіліс депутаты Марат Башимовтың айтуынша, Құрылтайда айтылған бастамалар тарихи сабақтастық логикасына сүйенеді. Ол қазіргі саяси өзгерістерді қазақ мемлекеттілігінің дәстүрлі басқару тәжірибесімен байланыстырып, президент ұсынған реформалар мемлекетті басқарудың эволюциялық жолы ретінде қарастырылуы тиіс екенін атап өтті.

Ал Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл бір палаталы парламент құру идеясына тоқталды. Оның пікірінше, бұл бастама басқару жүйесін жеңілдетуге және конституциялық шығындарды азайтуға бағытталған. Сондай-ақ депутат депутаттарды сайлау тәртібін біріздендіру арқылы саяси теңдікті күшейту мүмкіндігі қарастырылып отырғанын айтты. Еркін Әбілдің сөзінше, ұсынылып отырған өзгерістер Парламенттің рөлін күшейтуге бағытталғанымен, оның нақты қалай іске асатыны алдағы заңнамалық процестерде айқындалады.

Мәжіліс депутаты Павел Казанцев Құрылтайда көтерілген вице-президент институтына қатысты пікір білдірді. Ол Конституцияда билік құрылымының жалпы конфигурациясы ғана бекітіліп, нақты өкілеттіктерді президенттің өзі айқындауы тиіс деген ұстанымды қолдайтынын айтты. Депутаттың пайымдауынша, бұл тәсіл басқару жүйесін икемді етуге мүмкіндік береді, алайда мұндай модельдің тиімділігі тәжірибе барысында ғана белгілі болады.

Депутаттардың пікірлері Құрылтайда ұсынылған реформалардың саяси ортада әртүрлі қырынан талқыланып жатқанын көрсетеді. Қазіргі кезеңде бұл бастамалар тек концептуал деңгейде айтылды, ал олардың нақты мазмұны мен ықпалы алдағы заңнамалық өзгерістер кезінде айқындалмақ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove