Алматыда 3-14 тамыз аралығында жеті ауданның аумағында жылу желілеріне гидравликалық сынақтың екінші кезеңі жүргізіледі, деп хабарлайды dalanews.kz.
«Алматы жылу желілері» ЖШС мәліметінше, магистральдық және тарату құбырларын тексеру күн сайын таңғы 04:00-ден 07:00-ге дейін өтеді.
Осыған байланысты қала тұрғындары мен қонақтарына қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес берілді. Сынақ кезінде жер бетіне су шығуы және жол жабынының жекелеген бөліктері бұзылуы мүмкін.
Гидравликалық сынақтар Алатау, Алмалы, Әуезов, Бостандық, Жетісу, Медеу және Наурызбай аудандарының жекелеген учаскелерінде жүргізіледі.
Кәсіпорынның мәліметінше, жұмыс жүргізілетін аумақта тұратын тұрғындарға ыстық су беру тоқтатылмайды.
«Алматы жылу желілері» гидравликалық сынақтар құбырлар мен жабдықтардың техникалық жай-күйін тексеру, ақаулы учаскелерді анықтау және қаланың жылу жүйесін алдағы жылыту маусымына дайындау мақсатында жүргізілетінін атап өтті.