Алматылықтардың ұялы телефондарына Наурызбай ауданында су басу қаупіне байланысты шұғыл эвакуация қажеттігі туралы ескерту хабарламасы жіберілді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өңірде сел жүру қаупі бар. Осыған байланысты қаладағы барлық жедел қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
Ведомствоның хабарлауынша, тұрғындарды жедел ақпараттандыру мақсатында Наурызбай ауданында жергілікті деңгейде құлақтандыру жүйесі іске қосылған.
"Бұл – тұрғындарға маңызды ақпаратты дер кезінде жеткізуге бағытталған алдын алу шарасы. Азаматтарды сабыр сақтап, тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырамыз", – деп мәлімдеді ТЖМ.
Сондай-ақ мамандар ауа райы тұрақталғанға дейін Іле Алатауы аумағына барудан, тауға шығуға және демалыстан уақытша бас тартуға кеңес берді.