Алматыда «QMDB EXPO-2026» халықаралық көрмесі өтеді

Алматыда «QMDB EXPO-2026» халықаралық көрмесі өтеді
ЖИ

19-20 қыркүйек күндері Алматыда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «QMDB EXPO-2026» халықаралық көрмесі өтеді. Ауқымды шарада ҚМДБ-ның негізгі қызмет бағыттары, жаңа жобалары мен бастамалары, сондай-ақ отандық және шетелдік халал индустрия өкілдерінің өнімдері таныстырылады, деп хабарлайды dalanews.kz.

«QMDB EXPO-2026» көрмесінің басты мақсаты – Діни басқарманың рухани-ағартушылық, қайырымдылық, ақпараттық, баспа, қажылық, халал индустриясы, уақып, цифрландыру және әлеуметтік бағыттардағы жұмыстарын кеңінен таныстыру.

Көрмеге ҚМДБ-ға қарасты «Халал Даму» стандарттау және сертификаттау орталығы, «Зекет және қайырымдылық» қоры, «Мүфтият» баспасы, «Мұнара» телеарнасы, «Тауаф Тревел» қажылық компаниясы, «Иман» журналы, «Мұнара» газеті, «Уақып» қоры, «Қамқор-Шарапат» орталығы, «Дархан Дала» жобасы және басқа да мекемелер қатысады. Олар арнайы көрме алаңдарында өздерінің қызметтері мен жаңа жобаларын көпшілікке ұсынады.

Халықаралық көрменің маңызды бағыттарының бірі – халал индустриясы. Оған Қазақстанның ірі кәсіпорындарымен қатар Өзбекстан, Қырғызстан және Қытайдан келген компаниялар қатысады. Атап айтқанда, Өзбекстаннан Craffers, Alif, ASL CORN, Tanho, PUFFI, ARDENT FOODS, ISKO, Candy Gold, Boost Food, Қырғызстаннан «Куликов» пен «Тойбосс», Қытайдан Wedrink компаниясы өз өнімдерін таныстырады.

Ал отандық өндірушілер қатарында Arai East Food, «Эмиль», Zigi-Zagi, «Кублей», «Нәрлен», Happy Cake, Lalu Cake, «ҰЛАН», «Ленгерское», «Бижан», «Алель Агро», «Алатау Құс» және басқа да кәсіпорындар бар.

Келушілер ет және құс өнімдері, сүт өнімдері, кондитерлік тағамдар, сусындар, жартылай фабрикаттар, тағам қоспалары және басқа да халал өнімдердің түрлерімен танысып, тауарларды өндірушілерден тікелей сатып ала алады.

Сонымен бірге көрме аясында цифрландыру мен заманауи технологияларға ерекше мән берілмек. Келушілерге ҚМДБ қызметіне енгізіліп жатқан цифрлық жобалар мен технологиялық шешімдер таныстырылады.

Іс-шараның ресми ашылу рәсіміне ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысады. Сондай-ақ үздік халал кәсіпорындарды марапаттау рәсімі өтіп, халал стандарттау және сертификаттау саласына қатысты кездесулер мен дәрістер ұйымдастырылады.

Екі күнге жоспарланған бағдарлама аясында рухани-ағартушылық кездесулер, сұхбаттар, арнайы таныстырылымдар және өзге де іс-шаралар өтеді.

«QMDB EXPO-2026» халықаралық көрмесі 19-20 қыркүйек күндері сағат 09:00-18:00 аралығында Алматы қаласы, Тимирязев көшесі, 42 мекенжайындағы «Бақшасарай» салтанат сарайында өтеді. Көрмеге кіру тегін.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, шара ҚМДБ қызметімен жақынырақ танысуға, жаңа бастамалар мен заманауи жобаларды көруге және Қазақстандағы халал индустриясының отандық әрі халықаралық өкілдерімен байланыс орнатуға мүмкіндік береді.