Алматыда ағаш құлап жарақат алған 19 жастағы Селина Абитова екі аптадан кейін ауруханада қайтыс болды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қыз 27 маусымда ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілген. Ол жағдайы ауырлығына байланысты анестезиология, жансақтау және қарқынды терапия бөлімінде ем алған.
Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін барлық қажет ем-шараны жүргізген. Науқастың жағдайы тәулік бойы реаниматолог дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің бақылауында болған.
Жансақтау шаралары нәтиже бермей, дәрігерлер оның биологиялық өлімін тіркеген.
Еске салайық, оқиға Баум тоғайында болған еді. Туыстарының айтуынша, отбасымен серуендеп жүрген кезде Селинаның үстіне үлкен қураған ағаш құлаған. Ол бас-ми жарақатын алып, аяғы мен жамбас сүйегі сынған.
Оқыс оқиғадан кейін Алматы әкімдігі тергеу басталғанын хабарлаған еді.