Алматының Бостандық ауданында кешкі уақытта қайғылы оқиға болды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Көпқабатты тұрғын үйдің ортақ балконынан құлаған 21 жастағы жігіт оқиға орнында көз жұмды. Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен жедел қызмет өкілдері дереу жетті.
Қаза тапқан азамат кім екені жедел анықталды. Ол алған ауыр жарақаттарынан оқиға орнында қайтыс болған.
"Алдын ала мәлімет бойынша қайғылы оқиға алдында жігіт аптап ыстыққа қарамастан сырт киіммен жүрген. Осы және басқа да мән-жайлар тергеу барысында жан-жақты тексеріледі", - деді полиция.
Бұл дерек бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Сондай-ақ, марқұмның өмір салты, араласатын ортасы және тергеу үшін маңызды өзге де жағдайлар зерделеніп жатыр.