ТЖМ құтқарушылары Алматы тауларында шетелдік азаматқа көмекке келді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Алматы қаласы ТЖД құтқару қызметіне 20 шілдеде Мыңжылқы үстіртіне қарай жаяу кетіп, осы уақытқа дейін байланысқа шықпаған турист жоғалғаны туралы хабарлама түскен.
Туристің жүруі мүмкін бағытын нақтылау үшін 23-әмбебап құтқару бөлімшесінің құтқарушылары бақылау бекетінде және Мыңжылқы үстірті аумағында орналасқан бейнебақылау камераларының жазбаларын қарап шыққан.
Іздестіру жұмыстарына құтқарушылар экипажы жедел шыққан.
"Маршрутты тексеру және туристерден сұрастыру барысында ер адам Кіші Алматы шатқалында, яғни Шымбұлақ пен Мыңжылқы арасындағы жолдан табылды. 66 жастағы Ресей Федерациясының азаматына медициналық көмек қажет болмады. Құтқарушылар оны құтқару бекетіне дейін түсірді", - деді ТЖМ өкілдері.