Freedom Inside '26

Алматы – Қорғас тасжолында беске жуық көлік жолдағы бетоннан зардап шекті

Алматы – Қорғас тасжолында беске жуық көлік жолдағы бетоннан зардап шекті
видео кадры

Әлеуметтік желілерде Алматы – Қорғас автожолында жол жабынының ақауы салдарынан бірнеше көлікке зақым келгені туралы видео тарады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оқиға Байдібек би ауылына бұрылысқа жетпейтін тұста болған. Куәгерлердің айтуынша, бетон жабынның бір бөлігі көтеріліп, жол үстінде қауіпті кедергіге айналған. Жүргізушілер оны жоғары жылдамдықпен байқамай соғып, көліктеріне зақым келтірген.

Видеода жол жиегінде тоқтап тұрған бірнеше көлік көрсетілген. Атап айтқанда, Jetour кроссоверінің дөңгелегі жарылып, дискісі бүлінген. Mercedes-Benz G-Class жол талғамайтын көлігінің жанармай багы тесілген. Ал Hyundai жеңіл көлігінің беріліс қорабына бетон шығыңқысы тиіп, майы жерге аққан.

Алдын ала мәлімет бойынша, жолдағы ақаудың салдарынан аталған учаскеде шамамен бес көлік қозғалысын жалғастыра алмай қалған.

Көлік иелерінің сөзінше, олар «ҚазАвтоЖол» қызметкерлері мен полицияны 102 нөмірі арқылы шақыруға тырысқан. Алайда олардың айтуынша, көмек дер кезінде келмеген. Сондай-ақ жүргізушілер жолдан өтіп бара жатқан екі патрульдік көліктің тоқтап, көмек көрсетуден бас тартқанын мәлімдеді.

Осыған байланысты жүргізушілер Алматы – Қорғас бағытымен жүретін азаматтарды аталған учаскеде барынша сақ болуға шақыруда. Әзірге жолдағы ақауға қатысты жауапты органдар ресми түсініктеме берген жоқ.