Алматы облысындағы таудан табылған сүйек қалдықтарының кімге тиесілі екені белгілі болды

Алматы облысындағы таудан табылған сүйек қалдықтарының кімге тиесілі екені белгілі болды

Алматы облысындағы Северцов мұздығынан туристер тауып алған адам сүйегінің қалдықтары 19 жыл бұрын із-түзсіз жоғалған қазақстандыққа тиесілі болуы мүмкін. Бұл туралы марқұмның қызы Нелли Михеева әлеуметтік желідегі Stories парақшасында жазды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның айтуынша, отбасы бұл олжа туралы әлеуметтік желіден білген. Жарияланған фотосуреттерден ол әкесінің 2007 жылы тауға шыққанда өзімен бірге алып кеткен рюкзагына ұқсас сөмкені байқаған.

Кейінірек Неллиге Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері хабарласып, табылған рюкзактың ішінен әкесінің атына рәсімделген жеке куәлік шыққанын жеткізген.

Осылайша, отбасы 19 жыл бойы хабарсыз кеткен туысының тағдырына қатысты шындықты білген. Қазір табылған сүйек қалдықтарына қатысты тиісті сараптамалар жүргізіліп жатыр.