Алматыда жүздеген талапкерді оқуға қабылдамаған полиция академиясында шу шықты

Сағыныш Сардарова 30 шіл. 2025 12:43

Алматыда жүздеген талапкерді оқуға қабылдамаған полиция академиясында шу шықты. Үміттері ақталмаған түлектердің ата-анасы енді іске Ішкі істер министрлігінің араласып, оқу орнына тексеріс жүргізуін сұрайды, деп хабарлайды Dalanews.kz Информбюро бағдарламасына сілтеп. 

Алматыдағы Ішкі істер министрлігінің академиясына қабылдау науқаны биыл үлкен дауға ұласты. Балаларының оқуға түспей қалғанын енді білген ата-ана, тауы шағылған үміткерлер ғимарат алдында отыр. Олар емтихан өткізген комиссия шешімімен келіспейді. Сөздеріне сенсек, жоғары балл жинап, нормативті үздік тапсырған талапкерлер сыртта қалған. 

"Мұның шекті балы - 50. Бізге 50+ болсын деген, балам 75 балл алды. Біз өтіп тұрмыз, бірақ баламның сағын сындырып тұр. Ешқандай себеп жоқ. 52, 56 балмен түсіп кеткендер бар. Менде кімнің қанша теңге беріп, кімге қалай ұсынғанының видеосы бар", - деді ата-ана Жанар Мырқасымова. 

"Нағыз полиция болатын адамдарды қабылдамайды. Мына жерде қаншама спорт шеберінің кандидаты бар, солардың ешқайсы өткен жоқ. Өз еркіммен оқудан бас тартамын деген қағазға қол қойдырып алған. Қысым көрсеткен балаға", - деді тағы бір ата-ана Асхат Шәріпов.

Академия басшылығының мәлімдеуінше, бұл оқу орны полицейлерді тек мемлекеттік грантпен оқытады. Ақылы негізде жоқ. Биыл 300 орын бөлінген, ал оған 700 талапкер үміткер болды дейді. Ал төмен балмен түскендер, сөзге сенсек, бұйрыққа сай жеңілдіктерін қолданыпты. 

"Әділ өткеніне 100 пайыз кепілдік бере аламыз. Адам көп болғаннан кейін өтетін балдың көрсеткіші биыл жоғары болды. Сондықтан кейбір мамандықтар бойынша тіпті 70-тен аса балл алған балалар, өкінішке қарай, мандаттық комиссиядан өте алмады", - деді ҚР ІІМ Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясы бастығының орынбасары Ержан Бимолданов.

Алматыдағы полиция академиясының өкілдері оқуға қабылдау жұмысы толық аяқталғанын мәлімдейді. Ал оқуға түсе алмаған 100 шақты талапкердің ата-анасы Ішкі істер министрлігіне тікелей хат жолдап, шағымданып отыр. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар