Алматыда 61 жылдық тарихы бар мектепке жаңа ғимарат салынады

Ақтоты Жапатова 23 сәу. 2025 16:03 199

Алматының Медеу ауданында №98 мектептің бұрыннан келе жатқан мәселесі шешімін табуда - 1964 жылы салынған ғимарат бүгінде техникалық талаптарға сәйкес келмейді, оны ауыстыру қажет. Бұл туралы қалалық білім басқармасы мәлімдеді,– деп хабарлайды Dalanews.kz

Жобалық қуаты 640 орын болса да, бүгінде мектепте 1190 оқушы білім алып жатыр. Шамадан тыс жүктеме оқушылар мен мұғалімдерге қолайсыздық туғызып, білім беру сапасына кері әсер етуде.

Мектеп бір қабатты дәліздер арқылы жалғасқан үш екі қабатты павильоннан тұрады. Ондаған жыл бойы пайдалану барысында инженерлік желілер ескіріп, қазіргі талаптарға сай спорт залы жоқ, тамақтану мен мұғалімдердің толыққанды жұмыс істеуіне қажетті жағдай жасалмаған.

Жүктемені уақытша азайту мақсатында 2025 жылдың қаңтар айында мектепке сол мекенжайда орналасқан бұрынғы музыка мектебінің ғимараты берілді. Қазір бұл ғимаратта бастауыш сынып оқушылары оқып жатыр – ол 300 орынға арналған. Дегенмен, бұл мәселені толық шеше алмайды, өйткені ауданда жаңа оқушылар легі әлі де артып отыр.

Мәселенің шешімі 1500 орындық жаңа мектеп ғимаратының салынуы болмақ. Қазірдің өзінде Тәтібеков, Полетаев және Бейімбетов көшелеріндегі жер телімдерін мемлекеттік қажетке алу туралы қаулы қабылданды. Жаңа ғимарат қазіргі қауіпсіздік және жайлылық талаптарына толықтай сай болады.

Бұған дейін тұрғындар ұсынған тағы бір балама – Текемет көшесіндегі бұрынғы балабақша ғимаратын сатып алу нұсқасы да қаралған. Алайда ол нысан зиратқа жақын санитарлық-қорғау аймағында орналасқан, кіреберіс жолдары тар, ал тығыз құрылыс салдарынан көлік қолжетімділігі мен қауіпсіз жаяу жол жасау мүмкін болмаған.

Қаланың білім басқармасының мәліметінше, құрылысқа дайындық жұмыстары басталып кеткен. Жаңа оқу ғимараты тек оқушы санының арту мәселесін шешіп қана қоймай, оқушылар мен мұғалімдер үшін заманауи әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар