"Альфардтан" ауаша жүріңіздер...". Белгілі блогер жолаушыларға ескерту жасады

Көркем Алдабергенова 19 там. 2024 09:32 19258

Қазақстандықтар Жамбыл облысындағы жантүршігерлік жол апатынан кейін Тойота Альфард маркалы автокөліктеріне қарсы шықты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Желі белсендісі Бекайдар Алмұханов қазақстандықтарды Тойота Альфард көліктеріне мінбеуге шақырды. 

"Бүкіл жерге қарасаң осы көлік. Қазақстанда бұдан басқа көлік қалмады ма? Неге "Альфард" жүргізушілерінің көпшілігі такси? Сіздерге айтар ақылым, "Альфард" автокөліктеріне мінбеңіздер. Түндегі сұмдық жағдайда көліктің ішіндегі төрт адам тірідей жанып кетті, екі полиция қызметкері қайтыс болды.

Көлікті тізгіндейтін бесіктен белі шықпаған жас балалар. Фараларды «өлтіріп» жағып, ыржың-тыржың етіп, тасжолда өздерінен басқа адам жоқ сияқты еліріп жүреді. Ішкі істер қызметкерлері олардың заңға қайшы орнатылған фараларын алып тастауы тиіс. Тағы да айта кетейін, Еуропа елдерінде жүк көлігі жүргізушілеріне тахограф (жүргізушілердің қозғалысын тіркеуге арналған механикалық немесе электронды бақылау құралы) қойылады. Тойота Альфардтарға да дәл осындай құрылғы қою керек, олар аталған чип-картамен заңды бұзбай айдауы тиіс. Әр қаладан келген сайын полиция қызметкерлері Альфард иелерін тексерсін», - дейді блогер.

Фото: ІІМ

Бекайдар Алмұханов "Альфард" иелерінің көлікті басқару техникасы дұрыс емес екенін айтады.

"Көліктің газын түбіне дейін баспаса, Альфард да жын қуғандай жүрмес еді. Көлікті жаймен, байсалды айдайтын жүргізушілер де бар. Алайда қазіргі күні осы көлікті тізгіндегендердің дені жас балалар. Осы турасында полициядан маңызды ақпарат алдым. Тойота Альфардтың рөлінде көбіне-көп 2000 жылдардың бас кезінде өмірге келген буын отыр", - дейді блогер.

Желі қолданушылары түрлі пікір жазған. Dalanews желідегі қауымның пікірін қаз-қалпында ұсынады:

"Дұрыс айтасың, енді мінбеймін Тойота Альфардқа. Кеше Шымкенттен Алматыға келдім, 2 рет КАМАЗ-дың артына кіріп кетуге сәл қалды, жап-жас бала, телефоннан қолы босамады, келгенше жанымды шүберекке түйіп келдім"

"Жалпы Тойота Альфардтың жүруіне заңмен қатаң тыйым салу керек. Айдың, күннің аманында қырылып жатыр қазағымыз. Утильмен емес осы Тойота Альфардпен алысу керек"

"Тойота Альфард айдайтындарды бір орнына қоятын кез келді, бұлар әбден есіріп бітті, күн демейді, түн демейді бір бірімен жарысып, 180 - 200 бен жүреді. Фаралары көзді алады, жолда қысып, фарын моргать етіп, тек обгон шығады. Бұларды тоқтату керек, бұларға бір тоқтау қоятын келді. Адамның өмірі өзіне қымбат, мүлде мінбеңдер"

Еске салайық,Жамбыл облысы полиция департаментінің хабарлауынша, 17 тамыз күні түнгі сағат 01:00 шамасында республикалық маңызы бар Меркі-Шу-Бурылбайтал тас жолының 34-ші шақырымында, Меркі ауданына қарасты Тәтті ауылының маңында жол-көлік оқиғасы болған. Тoyota Alfard минивені мен Skoda-Octavia полиция көлігі бетпе-бет соқтығысып, минивэн өртеніп кеткен.

Тойота Альфард көлігінде 8 жолаушы болған. Олардың төртеуі сол жерде қаза болып, үш жолаушы мен жүргізуші әртүрлі дәрежедегі дене жарақаттарымен аудандық орталық ауруханаға жатқызылды.

Бұл дерек бойынша ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды. Полиция мұқият тергеу жүргізіп, оқиғаның мән-жайын анықтау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауда.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар