Журналист Жанна Алпысбаева Астанада көлігінің айып тұрағына әкетілгенін айтып, полицияның тұрақ ережесін бұзған жүргізушілерге бірдей шара қолданбағанына наразылық білдірді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның сөзінше, көлігін дәмхана маңындағы рұқсат етілмеген жерге қалдырған. Біраз уақыттан кейін терезеден автокөлігінің эвакуаторға тиеліп жатқанын көрген. Журналист ереже бұзғанын мойындайды, алайда сол маңда тұрған қымбат жол талғамайтын көліктердің орнында қалғанын сынға алды.
"Көлігімді дұрыс емес жерге қойғанымды жоққа шығармаймын. Бірақ жанында тұрған өзге қымбат көліктерге тиіспегені ашуландырды. Оларға ең төменгі мөлшерде айыппұл жазылғанын өз құлағыммен естідім. Ал мен тұрақ ережесін бұзғаным үшін айыппұлмен бірге эвакуатор қызметінің ақысын да төлеуге мәжбүр болдым", – деді ол.
Алпысбаеваның айтуынша, полиция қызметкері ауыр жол талғамайтын көліктерді эвакуатордың арқаны көтере алмағанын түсіндірген. Нәтижесінде жеңіл көліктер ғана айып тұрағына жеткізілген.
Журналист кейін айып тұрағына барып, эвакуатор қызметі үшін QR-код арқылы шамамен 13 мың 500 теңге төлегенін жеткізді.
Әзірге Астана қаласының полиция департаменті аталған жағдайға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.