Алакөлде демалу Мысырдан қымбат па? Әкім жауап берді

Ақтоты Жапатова 02 шіл. 2025 17:35

Жетісу облысы, Алакөл ауданының әкімі Алмас Әбдинов Алакөлде демалу бағасына қатысты әлеуметтік желілерде айтылып жүрген пікірлерге түсініктеме берді. Кейбір қазақстандықтар Алакөлдегі демалыс бағасы шетелдегі танымал курорттардан, тіпті Мысырдан да қымбат екенін айтып, наразылық білдірген болатын,- деп хабарлайды Dalanews.kz  

Баспасөз жиынында журналистер әкімнен: "Неліктен кейбір желі қолданушылары Алакөлде демалу Мысырға барғаннан да қымбат деп санайды?" – деген сұрақ қойды.

— Бұл – нарық. Біреу Мысырға барады, бұл – оның таңдауы. Мен Алакөлде демалу қымбат деп айтпас едім. Мұның бәрі қызмет көрсету сапасы мен туристің талғамына байланысты. Иә, бізде бағасы жоғары демалыс орындары бар, себебі олар жоғары деңгейде қызмет көрсетеді. Бірақ арзандау нұсқалар да бар – күніне 17-20 мың теңгеге үш мезгіл тамақпен. Ал ең қымбат бөлмелер 100 мың теңгеден асады, тіпті 300 мың теңгеге дейін баратын орындар да бар. Бұл әркімнің таңдауына байланысты. Жалпы ел бойынша белгілі бір баға саясатын немесе нормативтерді әзірлеу қажет шығар. Қарап отырсақ, тіпті қымбат қонақ үйлерде де бос орын жоқ, – деді Алмас Әбдинов.

Сонымен қатар, әкім қонақтар тарапынан жиі айтылатын Ушарал әуежайы мен теміржол вокзалынан Ақши мен Көктұма демалыс аймақтарына дейінгі такси бағасына қатысты пікір білдірді.

— Бұл расында күрделі мәселе. Ақши ауылында тұрақты автобус бағытын іске қосу үшін субсидия бөлініп, қазір конкурс рәсімдері өтіп жатыр. Сонымен бірге, көптеген қымбат қонақ үйлер мен курорттық кешендер өз клиенттеріне трансферді өздері ұйымдастырады. Сондықтан олардың бағасы да жоғары, – деді әкім.

Әкім такси жүргізушілерінің әрекетіне байланысты да пікір білдірді.

— Мен жүргізушілермен де сөйлестім. Олар әртүрлі жауап береді. Мен оларға "жол жақсы, бензин қымбаттап жатқан жоқ" десем, олар бәрі нарыққа тірелетінін айтады. Кейбір такси жүргізушілерінен "ресми тіркелдің бе" деп сұрасам, нақты жауап беруден жалтарады. Бұл мәселеге қатысты жұмыс істеп жатырмыз және бақылауда ұстап отырмыз, – деді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар