Белгілі дизайнер Құралай Нұрқаділова сұхбаттарының бірінде көпшілік біле бермейтін отбасылық мәселелер туралы ашық айтып, ел назарын аударған еді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ол бұл туралы 2023 жылы "Bilgen durys" бағдарламасына берген сұхбатында бөліскен. Дизайнердің айтуынша, арада қанша жыл өтсе де, әкесі Заманбек Нұрқаділовтің екінші отбасымен арадағы қарым-қатынас реттелмеген.
Құралай Нұрқаділова әкесімен де ұзақ уақыт байланыс болмағанын жасырмады. Оның сөзінше, олар шамамен 15 жыл сөйлеспеген.
"Мен әкеммен 15 жыл сөйлеспедім. Анам да оны көрген жоқ. Әкемнің қазасы әлі күнге дейін жұмбақ. "Жаңа Қазақстан" толық қалыптаспайынша, шындық ашылмайды деп ойлаймын. Қазір әркім әртүрлі нұсқа айтып жүр, бірақ нақты жауап жоқ", – деді дизайнер.
Сұхбат кезінде оған әкесінің жаназасына қатысты да сұрақ қойылған. Құралай Нұрқаділова бұл мәселені сол кезде имамдар өзара ақылдасып шешкенін айтты.
Оның айтуынша, қоштасу рәсіміне көптеген танымал тұлға қатысқан. Ал жерлеу рәсіміне анасы екеуі ғана барған.
"Имамдар киіз үйде жиналып, өзара кеңесіп шешім қабылдағанын білемін. Қоштасуға көп белгілі адам келді. Бірақ жерлеуге анам екеуміз ғана бардық. Сол кезде бізге әкеммен ұзақ қоштасуға мүмкіндік берілді", – деп еске алды Құралай Нұрқаділова.