Әділетхан Молдахан сотта кінәсін толық мойындады

Әділетхан Молдахан сотта кінәсін толық мойындады
Әлеуметтік желі

Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған резонансты жол-көлік оқиғасына қатысты жалған ақпарат таратты деп айыпталған заңгер әрі блогер Әділетхан Молдахан сотта өз кінәсін толық мойындады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Сот отырысы барысында Молдахан өзіне тағылған айыппен келісетінін мәлімдеген.

Сонымен қатар қорғау тарапы процесс қатысушылары арасында ықтимал келісім жасау мәселесін талқылау үшін уақыт сұрады. Бұдан бөлек, адвокаттар соттан Әділетхан Молдаханды қамаудан босатуды өтінген. Алайда сот бұл өтінішті қанағаттандырмай, оны қамауда қалдыру туралы шешім қабылдады.

Іс бойынша келесі сот отырысы 16 маусымға белгіленді.

Еске салайық, Әділетхан Молдахан бұған дейін Әл-Фараби даңғылындағы жол апатына қатысты видео жариялап, оқиға жөнінде өз нұсқаларын айтқан болатын. Заңгер 31 наурызға қараған түні ұсталған еді.