Абылай Мырзахметовке сот үкімі шықты

Сағыныш Сардарова 13 мам. 2024 20:16 2325

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының экс-төрағасы Абылай Мырзахметовке сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін Абылай Мырзахметовке қатысты қылмыстық іс қаралды (ҚК 190-бабы  4-бөлігінің 2) тармағы).

Сотта Мырзахметов 2022 жылғы мамыр айынан қазанға дейін Б.-ға ақшалай сыйақы үшін мемлекеттік және құқық қорғау органдарының жоғары лауазымды тұлғалары арқылы ағасы Б.-ны қамаудан босату және оған қатысты сотқа дейінгі іс жүргізуді тоқтату мәселесін шешуге мүмкіндігінің бар екендігін айта отырып, жаңылыстырып, алдау және сенімді теріс пайдалану арқылы, алаяқтық жасау жолымен формальды түрде қарыз шарттарын ресімдей отрып, Б.-ның аса ірі мөлшерде 13,9 млрд. теңге сомасында ақшалай қаражатын жымқырғаны анықталды.

Прокурор айыптауды қолдады.

Сотталушы кінәсін мойындап, әділ жаза тағайындауды, қорғаушылар іс бойынша іс жүргізуді тоқтатуды сұрады.

ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағының санкциясы 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі негізгі жазаны көздейді.

Сот сотталушының кінәсін мойындауын, шын жүректен өкінуін, өзі жасаған қылмысты тергеуге және қылмыс жасау нәтижесінде алынған мүлікті іздестіруге жәрдемдесуін, кәмелетке толмаған баласының болуын жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды.

Қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

А.Мырзахметовтің кінәсі сотталушының өз кінәсін мойындауымен, куәлардың айғақтарымен, қарыз шарттарымен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді.

Сот үкімімен А.Мырзахметов аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде 10 жыл мерзімге қызмет атқару құқығынан айырыла отырып, мемлекет кірісіне қылмыстық жолмен алынған 5,8 млрд. теңге сомасында ақша қаражаты тәркіленіп, 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сот ҚК-нің 49-бабының 2-бөлігі негізінде ҚР Президентіне А.Мырзахметовті «Құрмет» және 3-дәрежелі «Барыс» ордені мемлекеттік наградаларынан айыру туралы ұсыныс енгізді.

А.Мырзахметовтің мүлкіне салынған тыйым сақталды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар